Жастармен жұмыс – жүйелі

    Белсенді жастардың жұмысын насихаттап, қолдау көрсету мақсатында ауданымызда жастар ресурстық орталығы жүйелі жұмыс жүргізуде. Осы орайда аталған орталықтың директоры Асылан РАХЫМБЕРГЕНОВТІ әңгімеге тартып, жастардың тыныс-тіршілігінен хабардар болған едік.

Бүгінгі күні аудандағы жастардың саны 10479 адамды құрайды. Яғни, әрбір төртінші тұрғын жас азамат болып табылады. Жастардың 75%-ы ауылдық, ал 25%-ы қалалық жерде қоныстанған. Аудан жастары арасында «Жасыл Ел», «Дипломмен ауылға» және жастар тәжірибесі бағдарламалары кеңінен танымал. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында, әр селолық округтте әкімдер мен мектеп директорларының бекіткен кестесіне сәйкес, волейболдан, футболдан, тенистен, күрестен жастар арасында тегін жаттығулар жүргізіледі. Ауданда көңілділер мен тапқырлар клубы, шағын футбол және баскетбол лигалары құрылып, жүйелі жұмыс жасауда. Жалпы, аудандағы жастар саясатын дамытудағы басымдықтарды басшылыққа ала отырып, орталық рес­публикалық «Жастарға мейірімді мекен» пилоттық жобалар желісі негізінде өт­кен жылдан бастап «Қарқаралы 2020 – жастарға мейірімді мекен» атты стра­тегия­сы құрылды. Соған сәйкес, 2020 жылға дейін ауданда жастар саясатын белсенді түрде дамытуға ден қойылуда. Аталған стратегияның негізгі мақсаты – жастар бойындағы отансүйгіштік, қамқоршылық секілді қасиеттерді дамытып, «Мәңгілік Ел» құндылықтарын қадірлеуге үндеу, жастар арасындағы кәсіпкерліктің кең қанат жаюына ықпал ете отырып, жастарды тұрақтандыру, азаматтық қоғамды қалыптастыру болып табылады, – дейді Асылан Рахымұлы.

Осы бір мақсатқа қол жеткізу үшін де орталық қызметкерлері арнайы бағыттар бойынша жұмыс жасауды жоспарлап отыр.

Әрине, аудандағы жастар саясатын одан әрі жетілдіре отырып, алға қойған мақсатқа қол жеткізу үшін басым бағыттарды жүзеге асыруымыз керек. Атап айтқанда, «Атамекен» – «Мәңгілік Ел» идеясы негізінде жастарды мәдени, азаматтық және отансүйгіштік құндылықтарға баулу, «Назар» – жастарды ақпараттандыру, «Көшбасшы» – жастардың өзін-өзі жетілдіру және еріктілер қозғалысын дамыту, «Бақытты отбасы» – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, «Салауатты жастар» – салауатты өмір салтын насихаттау, «Жарқын болашақ» – жастар арасында діни сауатты ашу және құқықбұзушылықтың алдын алу, «Кәсіпқор» – кәсіби бағдар беру және кәсіпкерлікті дамыту, «Мейірім» – жастардың қоғамға және табиғатқа қамқорлығын арттыру сынды бағыттар бойынша көптеген маңызды жобаларды іске асырамыз. Нақтырағында, «Қыран» атты жастардың ғылыми-танымдық экспедициясы, Қарқаралы ауданының көңілділер мен тапқырлар клубының лигалық ойындары, «Жастар жырлайды» жастардың поэзиялық жобасы, «Тілмаш» жастарды үштілділікке (қазақша, орысша, ағылшынша) баулу, «Жастар жастарға» ақпараттандыру, «Сөздің шыны керек» диалог алаңын қалыптастыру, аудандағы еріктілер қозғалысын дамыту мақсатында «Қарқаралы жастары» атты еріктілер желісін құру, жас отбасылар форумын ұйымдастыру секілді ауқымды жобаларды іске асырмақпыз. Мұның барлығы сайып келгенде, жастарды жат әрекеттерден аулақ ұстау мақсатында бос уақыттарын тиімді әрі пайдалы шараларға жұмсауға үндеу болып табылады, – деді орталық директоры.

Жалпы, аудан жастары белсенді. Қандай да болсын жақсы істердің жаршысы болып жүреді. «Еліміздің болашағы жастардың қолында» деп Елбасымыздың өзі айтқандай, аудан жастарына жағдай жасау, олардың қоғам үшін маңызды деген іс әрекеттерін қолдау – аудан басшылығының назарынан тыс қалған емес. Содан болар, биылғы жылдан бастап, орталықта қызмет жасайтын адамдар саны артты. Ауданда жастар арасында іс-шаралар ұйымдастыру мақсатында жергілікті бюджеттен 1 миллион 900 мың теңге қаралды. Бұдан бөлек, жастардың еркін шығармашылық жұмыстары мен бастамаларын топтасып талқылау және аудандық жастар ресурстық орталығының жұмыс орнын кеңейту мақсатында аудандық БЖО ғимаратынан 221 шаршы метр беріліп отыр. Әрине, осындай қамқорлықтың да қайтарымы жоқ емес. Аудан жастарын бір шаңырақтың астына ұйытып отырған орталықтың бастамасымен өткен жылы 68 шара өткізіліп, онда ауданның 3122 жас азаматы қамтылды. Сонымен қатар, туризм тақырыбында «БҰҰ модельдік клубының отырысы», құқықбұзушылықтың алдын алу жасағын құру мақсатында «Жас тәртіп сақшылар қатарына қабылдау рәсімі», «Спорт денсаулық! Біз есірткіге қарсымыз» атты аудандық баскетболдан жарыс, «Зарница» әскери тактикалық ойыны, «Құқық бұзушылыққа жол жоқ!» атты сурет байқауы, «Ұлан» әскери-патриоттық ойыны, «Көрікті аудан, көңілді тұрғын» экологиялық акциясы, «Қарқаралы ауданының кіші футбол Лигасы», «Сұңқар» жастар сыйлығы, «Тәуелсіз Елім Қазақстан!» атты қардан мүсін жасау байқауы өткізілді. Сондай-ақ, орталыққа 200-ге жуық жас әртүрлі мәселелер бойынша кеңес сұрап, көмек іздеп келсе, оның 126-на тікелей көмек көрсетілді. Өткен жылы «Кәсіпкерлік белсенділікті дамытудың» екінші бағыты бойынша 13 жас азамат 33,7 миллин теңге көлемінде несие алды. «Өңірлерді дамытудың – 2020» бағдарламасына сәйкес, аудан әкімінің қолдауымен 24 жас отбасыларға пәтер берілді. Атқарылған жұмыстар нәтижесі ретінде, осы орталық өткен жылы облыста үздік деп танылып, облыс әкімінің «Қайнар» сыйлығының иегері атанды.

Сағыныш ӘБІЛОВА

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.