Басты тақырып

«ЖАСТАР ТӘЖІРИБЕСІ» – бірегей мүмкіндік

    Белгілі бір мамандықты игеріп, қолына жолдама қағаз –  дипломын алған жастардың нарық заманында жұмыс таппай, тауын шағып, сағын сындырмай, бетін қайтармайтын мемлекеттің бағдарламасы – «Жастар тәжірибесі». Бұл бағдарлама арқылы мемлекет оқу орнын аяқтағаннан кейін жастардың жұмыс тәжірибесіне ие болуы үшін  алты айлық жастар тәжірибесін өткізеді. Бұл алты ай жас маманның аз-кем тәжірибе жинақтап, өзінің әлеуетін көрсетуге берілген бірден-бір мүмкіндік. Егер жас түлек алты ай тәжірибеден өткен кәсіпорын-ұйымның көңілінен шықса, тұрақты жұмысқа қабылдауға хақылы. Бірегей мүмкіндікті жастар қалт жібермеуде. Өйткені, бұл – тұрақты жұмыспен қамтылуына жасалған алғашқы қадам. Бұған жас мамандар ғана емес мемлекет те мүдделі.

Жастар практикасы меңгерген кәсібі, мамандығы бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының, оқуды аяқтағаннан кейінгі 3 жыл ішіндегі және жиырма тоғыз жастан аспаған түлектер қатарындағы жұмыссыздарға арналған.

Жастар практикасы барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады.

Халықты жұмыспен қамту орталығы түлектермен алты айға еңбек шартын жасайды. Жұмыс күні ҚР еңбек заңнамасы бойынша еңбек шарттарына сәйкес анықталады. Жұмыс берушімен 6 айға жасалған келісімшарт негізінде жас түлек жұмыспен қамтылып, оның еңбекақысы 6 ай бойы Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы мемлекеттен төленеді. Бұл бағдарлама бұған дейін өзінің тиімділігін жылдар бойы айқындап-ақ келді.

Биылғы жылдан бастап жаңа «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағ­дарламасы»  аясында іске асырылады.

Сәтбаев қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы бағдарламаның  35 қатысушысына жол­дама берілді.  Атап айтқанда, жол­данған мамандардың арасында медбике, фельдшер, экономист, қаржыгер, бухгалтер, тіс дәрігері және кадастр, техник мамандығын иеленген жас мамандар бар. «Сонымен қатар, бүгінгі таңда бір жас маман жастар тәжірибесін жедел өткізіп, Жастардың ресурстық орталығында тұрақты жұмысқа заңгер ретінде орналасты» дейді Сәтбаев қаласының Жұмыспен қамту орталығы.

Айталық, бағдарламаға қатысушы Мадина Рахметованың мамандығы –  фельдшер. 2017 жылдың сәуірінде қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп,  2017 жылдың мамырында Сәтбаев қалалық емханасына фельдшер болып орналасты.  «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының жолдамасы жас маманның жұмысқа орналасуына ықпал етті.  Алдағы уақытта  Мадина Рахметованың мамандығы бойынша тұрақты жұмыспен қамтылуы мекеменің ұдайы бақылауында болмақ.

Қарқаралы ауданы Халықты жұмыспен қамту орталығының бұл орайда жоба-жоспары нақты.  «Биылғы жылы дәстүр бойынша шілде айынан бастап, 13 адамды «Жастар тәжірибесіне» қатыстыру жоспары бар. Осы бағдарламаға қатысуға аудан төңірегінде 10 жұмыс беруші өтініш беріп отыр. Қатысатын жас түлектердің де тізімі жасалды. Оның ішінде, ауылдық жердегі 5 жұмыс беруші 6 адамды қамтыса, қала басындағы 5 жұмыс беруші 7 жас түлекті жұмыспен қамтитын болжау бар. Негізі, «Жастар тәжірибесіне» қатысқан жұмыс берушілерге 6 айдан кейін жас түлекті тұрақты жұмыспен қамту мүмкіндіктерін қарастыру талабы Халықты жұмыспен қамту орталығы тарапынан қойылып, тиісті мониторинг жүргізіледі.

Жалпы, жұмыспен қамту бағдарламаларының аясында жұмыспен қамтудың түрі, оның ішінде, жастарды жұмыспен қамтудың ең қолайлы, қолжетімді, өзіндік тиімділігі  бар – ол «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы деп есептейміз» дейді Қарқаралы ауданы Халықты жұмыспен қамту орталығы басшылары  жылдар бойғы тәжірибелеріне сүйеніп.

Мысалы,  жас маман Саягүл Идаят  2017 жылдың маусым айында «Әлеуметтік жұмыс» мамандығы бойынша «Болашақ» Қарағанды кол­леджін тәмамдаған. Қарқаралы ау­даны, Бақты ауылының тұрғыны Саягүл бүгінде шілде айынан Жастар  тәжірибесі бойынша «Қарқаралы ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бө­лімі» ММ-не жұмысқа тартылды.

Сондай-ақ, Қарқаралы ауданы, Қ.Аманжолов ауылының тұрғыны, жас маманның бірі – Айдана Мергенбекова 2016 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі «Қазақ тілі және әдебиеті» маманы. Жастар  тәжірибесі арқылы «Қарқаралы ауданының білім бөлімі» ММ-де жұмыспен қамтылды.

Ал, Ұлытау ауданы шілде айынан бастап 18 жас маманды «Жастар  тәжірибесіне» тарту арқылы жастардың жұмыспен қамтылуын назарда ұстап отыр. Ауданның Халықты жұмыспен қамту орталығы да бұл бағдарламаға қатысушы жастардың тәжірибеден соң  сол ұйымдарда тұрақты жұмыспен қамтыларына сенімді. Өйткені, бұған дейін аталған бағдарлама өзінің тиімділігін бір айқындап берді.

Жастар тәжірибесі арқылы білімдері мен біліктіліктерін іске асыруға мүмкіндік алған жастар пікірі де осы­ған тоғысады. Талай жас тәңір берген несібесін осы бағдарлама арқылы теріп жүр.

 

Сурет ғаламтордан алынды.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button