Қарқаралы

Жас жеткіншектер дән риза

    Жақында Қарқаралы қаласындағы «Жас дәурен» демалыс орнында жазғы демалыстарын өткізіп жатқан балдырғандарға қомақты сый жасалды.

Облыс басшысы Балаларды қорғаудың халықаралық күні мерекесінде «Таңшолпан» балалар үйіне арнайы барып, тағдырдың тәлкегіне түскен балалардың жағдайымен танысып, олардың қоғамдық шараларға белсене қатысатындығын, өнерлі, спортқа бейім өрендер екендігін өз көзімен көрді. Қамкөңіл балалардың аз да болса көңілін көтеріп, қуанышын еселеуге ниет еткен облыс басшысы спортсүйер өрендерге арнап футбол алаңын салуға 10 млн. теңге көлемінде қаржы бөлгізген.

Осының нәтижесінде, «Таңшолпан» және «Құлыншақ» балалар үйінің тәрбиеленушілері демалатын «Жасдәурен» демалыс орнында футбол алаңы ашылып, балалардың қуанышында шек болмады. «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан шығады» дегендей, жас жеткіншектерге үлкен қамқорлық танытып отырған ел ағасына балалар да, тәрбиешілері де, «Таңшолпан» балалар үйінің басшысы А.Жүнісов, «Жасдәурен» демалыс орнының басшысы С.Бейсембаева дән риза. Аудан әкімінің орынбасары С.Әлиев балалардың қуанышын бөлісіп, ізгі тілегін жеткізді.

Бос уақыттарында спортқа көңіл бөлетін «Таңшолпан» футбол командасының жетістігі өз алдына бір төбе. Тәрбиеленушілер 2015 жылы «Бавария» футбол командасының «Альянс Аренасында» әлемдік топ клубтар ойындарын тамашалаған болатын. Ал, 24 тамызда Лондон қаласындағы «Челси» футбол командасының алаңы «Стэмфорд Бриджке» барады.

Ата-анасынан ажырап қалған баланың бәрі де қараусыз қалмайды. «Жетімін жылатпаған» қазақ халқы қашанда бар жақсылықты балаға деп жасаған. Осындай ерекше қамқорлықты сезінген балдырғандар ән де айтты, би де биледі, спорттық ойындарға да үлкен көңіл бөледі.

Сағыныш ӘБІЛОВА

 

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button