Жас кәсіпкерге – жан-жақты қолдау
Кеше облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ өзінің жұмыс кестесіне сәйкес азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады. Қабылдауға келгендер қатарында өз ұсыныстары мен мәселелерін әкім назарына ұсынған жас кәсіпкерлер де болды.
«M.Stile Kazakhstan» ЖШС-нің құрылтайшысы Данияр Аупасимов сырт киімдер тігетін тігін цехын ашыпты.
– Нұрмұхамбет Қанапияұлы, біз өзіміздің, яғни, қазақстандық спорт киімдер брендін қалыптастырғымыз келеді. Бүгінгі таңда 250 мың долларға жабдықтар сатып алынды. Қазір цех ашылды. 15 адам жұмыс істеуде. Арнайы киімдер тігуде тәжірибеміз жеткілікті. Нарықты түбегейлі зерттеп шықтық. Бізді үнді кәсіпкерлері қолдап, жобамызға инвестиция құйды. Енді бауырларымызбен біріге отырып, қоғамдық ұйым құрып, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа қабылдауды ұйғардық. Алайда, жер алуда, кедендік тіркеуден өткізуде қиындық туындауда. Сондай-ақ, шетелдік инвестиция тартуда мемлекет қолдауын иеленгіміз келеді, – деді Данияр Аупасимов.
– Өте жақсы бастама. Әрине, біз өз тарапымыздан жан-жақты көмек көрсететін боламыз. Заң шеңберінде бірқатар мәселелерді шешуге болады деп ойлаймын. Аймақ басшысы ретінде сіздер үшін өте қуаныштымын, – деді облыс әкімі.
Данияр Аупасиов өз бауырларымен бірге тігін цехын ашып, кәсібін дөңгелетуде. Данияр – ІІІ топ мүгедегі. Ол он алты жасында көлік астына түсіп, бірнеше отаны өткерген. Алайда, бұл оқиға оның бизнес-бастамаларын жүзеге асыруына ешқашан кедергі болған емес.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.