Абай

Жас кәсіпкер жүн өңдеу цехын ашты

Абай ауданында жүн өңдеу цехы ашылды. Оны Южный кентінің кәсіпкері Дархан Залимбаев іске қосты. Өңдеу кәсіпорнын ашу үшін 24 жастағы кәсіпкер өткен жылы 3 миллион теңге көлемінде несие алған.

Осы ақшаға ол сырма жасайтын, жүн өңдейтін станоктар, сондай-ақ, арнайы центрифуга сатып алды. Дархан шикізатты Абай және Шет аудандарының ауыл тұрғындарынан алады.

– Цехты іске қоспас бұрын нарықты зерттедім, – дейді Дархан. – Зерттей келе осы істі қолға алуға бел будым, қыста дизельдік техниканы оқшаулау үшін қолданылатын киіз жабындар шығаратын боламыз. Сондай-ақ, табиғи жүннен жа салған көрпелер шығару жоспарда бар. Ол түйе жүн көрпелерінің аналогы болады. Бірақ, арзанырақ.

Кәсіпкер әзір аядай ғана бөлмеде жұмыс істейді. Биыл өндірісті кеңейту үшін үлкенірек ғимарат жалға алмақшы. Ол үшін Абай ауданы әкімінің жастар кәсіпкерлігін дамытуға және қолдауға арналған гранттар конкурсына қатысып, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқудан өтті.

– Аудан әкімінің грантына арналған конкурсқа цехымды кеңейту үшін қатыстым. Одан екі миллион теңге алып, кір жуғыш машина мен түту станогын сатып алдым, – дейді кәсіпкер. – Сондай-ақ, жалпы ауданы 320 шаршы метр болатын жаңа ғимарат қарастырып отырмын. Жақында ол жаққа көшеміз. Дайын өнімнің сұраныс нарығы да зерделенді. Іске қосар алдында киіз жабын сатып алуға дайын бірқатар кәсіпорындармен сөйлестім. Ал, көрпелерді базарларға жіберемін. Әзірге Дарханға туыстары көмектесуде, көктемде бес адамды жұмысқа орналастыруды жоспарлап отыр.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button