Бас тақырыпМәселе

«Жартыкеш» үйдегілердің жанайқайы

Қарағандының қақ ортасында жұрт атын естісе безе қашатын, кешегі «Бесоба» – бүгінгі «Шапағат» тұрғын-үй кешенінде жарымжан күй кешкен жалғыз үй бар. Нақты мекенжайы – Республика даңғылы, №1/4. Жарымжан дейтін себебі, бұл үйдің шын мәнінде жартысы жоқ. Жоспарда 4 подъезді үйдің бес жылдан бері екі подъезі салынбай қалды. Қыс түссе, шеткі подъездегі тұрғындар жылу жүйесі қатып қалмасын деп, құбырларын қымтап-орап, әуреге түседі. Жер қарая балшықты тобықтан кешіп, шашылып-төгілген қоқыспен алысып әлек. Ең аяғы бұл үйдің маңында дәтке қуат болатын бір жарық көзі жоқ. Бағандар самсап орнатылған. Бірақ, біреуінің шамы жанған емес. Бұл үйдің тұрғындары қанша шағымданса да, кімге шағымданса да, елең қылған пенде табылмай тұр. Ең қызығы – бұл үй әкімдіктің балансында жоқ! Сондықтан, баланста жоқ үйдің проблемасына билік те бас ауыртқысы келмейтін секілді.

Жыр болған «жартыкеш» үй – осы

«Как корабль назовешь, так он и поплывет» дейді орыстар. Қазаққа қаншалықты қатысы бар-жоғын білмедік. Әйтеуір, қазіргі «Шапағаттың» орнында болған, 2009 жылы пайдалануға беріліп, 2012 жылы бір-ақ күнде қопарылып, үйіндіге айналған «Бесоба» тұрғын-үй кешенінің орналасқан жері осал, құрылыстың сапасы нашар болып шықты деген қорытынды шығарды комиссия. Элиталық үй саламыз деп, азуын айға білегенімен, «КарПромИнвест» ЖШС семіз сөйлеп, арық шықты. Аты «Бесоба» болғандықтан, «тұрғын-үй кешенінің әуелден маңдайында жазылғаны осы» деп еді жұрт. Оның орнына аты да құлаққа жағымды «Шапағат» тұрғын-үй кешені бой көтерді. Бұл үйдің алғашқы екі подъезі тұрғындарға тапсырылған, қалған екеуінде 5 жылдан бері құрылыс тоқтап тұр. Өйткені, алғашында құрылыс нормалары бұзылған. Содан бері, я құрылыс жалғасуы тиіс пе, болмаса бұзылуы керек пе, нақты шешім қабылданбаған.

Күн жылына жыл сайын құрылысшылар келіп, бой көрсеткенімен, мәреге жеткен құрылыс жоқ. Осы үйде ПИК міндетін атқарып отырған жеке кәсіпкер Меруерт Сәдуованың айтуынша, бірнеше рет хат жазылған. Тұрғындардың арыз-шағымы негізінде осы үйдің тұрғыны Әділжан Нұрпейісов «Сенім 109» қызметіне хат жолдаған. Хатында бұл мәселені көтеріп, бір шешімін шығаруды өтінген.

«Решение данной проблемы нельзя так долго игнорировать! Наличие недостроенного дома во дворе микрорайона «Шапагат» во-первых, вызывает постоянное беспокойствие у жителей микрорайона, чьи несовершеннолетние дети учатся в школе во вторую смену, возвращаются домой самостоятельно и зимой проходят мимо него в темное время суток (подобные строения – повод для криминальных элементов). Во-вторых, препятствует благоустроиству значительной части общего двора целого микрорайона (отсутствует детские площадки, парковки для автомашин и пр.). В третьих, препятствует укладке асфальтированной дороги и тротуара с внешней стороны дома пр. Республики 1/4, по этой причине в межсезонье на дороге постоянно грязь, слякоть: невозможно нормально проехать на машине или пройти» делінген хатта.

Шалшыққа батқан «Шапағат»

Оған Қарағанды қаласының құрылыс бөлімінің берген жауабы бойынша үй құрылысының бұрын бекітілген жобасына түзету жүргізілуде. Сараптама қорытындысы алынғаннан кейін жобалау жұмыстары 2020 жылғы қазанда аяқталады. Яғни, содан кейін ғана барып, Республика даңғылы, №1/4 үйдің 3 және 4 блок-секцияларының құрылысын аяқтауға қаржы бөлу үшін бюджетке өтінім беріледі.

Бұл – өткен жылғы жауап. Бұған дейін де талай жазылып, осы тектес жауап алынғанымен, құрылыстың басталатын түрі жоқ. Демек, салына қоятын үй де, төселе қоятын жолдың да ауылы алыс тәрізді.

– Қиыны – үйдің іргесіндегі қоқыс контейнері. Онсыз да «Шапағаттың» қоқысын әкетуге құлықсыз «ГорКомТранстың» көлігі ырғалып-жырғалып жеткенше, тұрғындар желдің соқпауын Құдайдан тілеп отырады. Себебі, осындай кезде үйден шыға қалсаңыз, жеңіл-желпі қоқыстың бәрі бетке келіп жабысады. Желді күні үйден шығуға да қорқатын болдық, – дейді Меруерт Сәдуова.

Қазыбек би ауданы әкімдігіне қоқыс контейнерлерінің орынын ауыстыруды сұраған хатына аталмыш ауданның әкімі орынбасарының міндетін атқарушы М.Қожанов «Қарағанды қаласында құрылыстың тығыз салынуына және барлық санитарлық нормаларды сақтау мүмкіндігінің болмауына байланысты аталған контейнерлік алаңды жоғарыда көрсетілген мекенжайға көшіру мүмкін емес» деген жауап келген.

Айтпақшы, есіктің алдына төселген брусчатканы да бір күнде тиеп, алып кетіпті. Не керегі бар еді дейсіз бе? Қай жер екенін қайдам, бір құрылысқа дәл сондай брусчатка жетіспей қалып, тағы сол құрылыс бөлімінің нұсқауымен жатқан тасты ала жөнелген. Айтқан сылтаулары «үй әлі салынып біткен жоқ, бұл жерге жаңадан тас төселеді». Брусчатка сол кеткеннен мол кетті. Бір күні салынып жатқан басқа құрылысқа материал жетпей қалса, жартысы салынбады деп, үйді де бұзып алып кетуге бұйрық жетпесіне кім кепіл?! Күлеміз бе, жылаймыз ба?

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button