Жан жадыратар жарыстар
Жуырда облыстық білім басқармасының «Сарыарқа дарыны» балаларға арналған қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығы онлайн режимде Ұлы Жеңістің – 76, Тәуелсіздітің – 30 және ҚР ҚК құрылуының – 29 жылдығына арналған облыстың білім беру ұйымдары мен әскери-спорт клубтары арасында «Ұлан» және «Алау» әскери-спорттық ойындарынан аймақтық жарыстар өткізді.
Сайыстардың мақсаты – жастар арасында әскери-патриоттық жұмыстарды жетілдіру, Қазақстан Республикасында жас армияшылар қозғалысын дамыту, әскери қызметті насихаттау және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің имиджін арттыру.
Алдымен ZOOM платформасы арқылы коференция режимінде аталған іс-шараның ашылуы өтті. Оған 8 «Ұлан», 10 «Алау» құрамасы қатысты.
Ашылу салтанатына облыстық білім басқармасының «Сарыарқа дарыны» балаларға арналған қосымша білім беру өңірлік ғылыми-практикалық орталығының спорт және дене шынықтыру зертханасының меңгерушісі Қанат Ғалымтаев, ҚР ҚМ «Әскери-техникалық мектеп» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры, Ауған соғысының ардагері Амангелді Жантасов, «Патриоттық және әскери-спорттық клубтар» қоғамдық ұйымының төрағасы Амангелді Хасенов қатысып, жүрекжарды лебізін білдірді.
Жарысқа қатысқан әскери-спорттық клубтар мен Қарағанды облысы білім басқармасы мен оқу орындарының 8 «Ұлан», 10 «Алау» командадан барлығы – 126 қатысушы.
Жарыс қорытындысында, «Ұлан» әскери-спорттық ойынының I орнын Сәтбаев қаласының №14 орта мектебі иеленсе, II орын Шет ауданы Бұрма негізгі мектебіне, III орын Абай ауданы №9 негізгі мектебіне берілді.
Жарыс қорытындысына сай, «Алау» әскери-спорттық ойынынан I орынды Шет ауданының «Ақсуыт» әскери-спорттық, патриоттық клубы жеңіп алса, II орын Қарағанды қаласының №91 орта мектебіне бұйырса, III орынға Абай ауданының №9 орта мектебі жайғасты.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері «Сарыарқа дарыны» РҒО кубогымен, медальдар һәм грамоталарымен марапатталды.
Жәлел ШАЛҚАР.