Қарқаралы

Жан шуағы, жүректің мерекесі

   Қадірлі редакция ұжымы! Сүйікті «Орталығымыз» арқылы менің қыркүйектегі сапарыма қолұшын берген азаматтарға алғыс айтқым келеді. Әңгіме «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесіне барғаным туралы…

Қуанышымда шек жоқ! Көрмеден алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу әсте мүмкін емес сияқты.

Бұрындары тұрмысты сана билегендей көрінген. Оның үстіне, мүгедектігім де көп нәрсеге қолбайлау болатыны бар. Жазда Көрмеге шақыру мәтіндері бар түрлі смс-хабарламалар келе бастады, БАҚ-та да көптеген хабарлар таратылды. Ел арасында да «ЭКСПО» жайлы әңгіме жиі өрбіді. Не керек, «жақсыны – көрмекке!».

Осы сапарда түйгенім – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының бастамалары, тек, елдің игілігіне бағытталған! Арқаға Астананы көшірді, «Есілдің бойына ел қондырды». Әлемнің өркениетін, әлеуметтік-экономикалық әріптестіктің, ынтымақтастық пен ымыра-келісімнің көшін Астанада тоғыстырды. Биылғы Көрме – соның бір ғана нышаны!

Көрмені аралау барысында мен барлық елдердің павильондарына бас сұғуға тырыстым. Естелік суреттерге түсіп, әлем халқының рухани дүниесімен жақын таныстым.

«ЭКСПО – 2017» көрмесінің тақырыбы – адамзат үшін маңызды. Күн, жел, су энергиясы. Болашақ үшін жасалған игі қадам!

Көрмеге баруыма қолдау көрсеткен – Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтов және әкімдіктегі өзге де азаматтарға шын жүрегіммен алғыс айтамын! Бізге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көңілдің жылуынан артық қажеттілік жоқ та шығар. «ЭКСПО-ға» сапарымыз шын мәнінде жан шуағы, жүректің мерекесі болды!

Біздің ауданымыз да заманауи технологияларды, баламалы қуат көздерін енгізуге тыңғылықты кіріскен. Өңіріміз өркендеп келеді. Ілкімді істердің басында – іскер азаматтар жүр.

Бір айтарым, ауданымызда халықтың денсаулығын нығайтуға сеп болар орталықтар көптеп ашылар деген үміттеміз. Лайым, жағымды жаңалықтар көп болғай!

Қарлыға САДЫҚ,

ІІ топтағы мүгедек.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button