Бас тақырыпЖаңалықтар

Жакартада жеткеніміз-9-шы орын

Индонезияда өткен Жазғы Азия ойындары өз мәресіне жетті. Айтулы жарысқа елімізден 440 спортшы қатысты. 25 олимпиадалық спорт түрінен бақ сынады.

Азия ойындары ел спортшылары үшін биылғы жылдың ең басты додасы болды. 18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Индонезияның Жакарта және Палембанг қалаларында болған жарысты қырағы көз жанкүйер қалт жібермей, қадағалап отырды. Нәтижесінде, Жакартадағы Азия ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы жалпы есебі 76 медаль жеңіп алды. Азиада төрінде еліміздің Әнұраны 15 рет шырқалып, 17 спортшымыз күміс, 44 спортшымыз қола жүлдегер атанды. Командалық есепте Қазақстан 9-шы орынға табан тіреді. Азия ойындары тарихында ел спортшылары алғаш рет үздік бестіктен сырт қалып отыр. Азиада қорытындысы бойынша Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея мемлекеттері көш бастады.

Үлкен сенім боксшыларға артылған болатын. Тіпті, Қазақстан ұлттық құрамасын бастап, еліміздің Көк Туын боксшы Әбілхан Аманқұлдың ұстап шыққаны да рас. Десек те, Әбілхан 75 келі салмақта алтыннан алқа таға алмады. Ол финалда өзбекстандық Исраил Мадримовтан жеңіліп, күміспен күптелді. Бұл жолы біз өзбек боксының өрлеу кезеңінде екендігін байқадық. Бес бірдей боксшысы алтын алып, екеуі күміс олжалады. Моңғолия бір алтын, бір күміспен екінші орынға, үндістандықтар бір алтын, бір қоламен үшінші орынға жайғасты. Біздің боксшылар үздік үштікке де ене алмай қалды. Бас бапкер М.Айтжанов айтып ақталғанымен өзбек боксшылары өздерінің мықтылығын танытып кетті. Бармағымызды тістеп, басымызды шайқап қала бердік.

Қайта еңсемізді басқа спортшыларымыз еңкейтпеді. Спортшыларымыз велоспорт, байдарка мен каноэде ескек есу, көркем гимнастика, самбо мен джиу-джитсудан қос-қостан алтын жеңіп алды. Сонымен қатар, каратэ, жеңіл атлетика, дзюдо, су добы және семсерлесуден бір алтыннан бар. Жарыстың соңғы күндері су добынан жапондардан жеңісті жұлып алған ерлер командасының жігері ерекше қуаныш сыйлады. Жапония құрамасымен өткен аса тартысты кездесуде қазақстандықтар 8:7 есебімен жеңіске жетті. Көркем гимнастикадан еншімізге екі алтын жазылды. Алина Әділханова жекелей сыннан өткен жарыс нәтижесі бойынша 66.800 ұпай еншілеп, Азия ойындарының екінші алтын жүлдесін иеленді. Қазақтың мың бұралған сұлу қызы екінші және үшінші орындарды бөліскен Өзбекстан мен Қытайдың өкілдерінен алдына қара үзіп шықты. Сонымен қоса, қазақстандық көркем гимнастшылар Алина Әділханова, Даяна Әбдірбекова және Адиля Тілекенова үштігі командалық жарыстан Азиада чемпионы атағын жеңіп алды.

Семсерлесудің сабля түрінен әйелдер арасындағы командалық жарыста Қазақстан құрамасы қола медаль иеленді. Олар ширек финалда Гонконг командасын 45:40 есебімен жеңді. Ал, жартылай финалда Қытайдан жеңілді – 25:45. Сондай-ақ, семсерлесудің шпага түрінен Ерлер құрамасы да командалық жарыста қола жүлдегер атанды. Олар да ширек финалда Гонконгты жеңген. Бірақ, жартылай финалда Жапонияға жол берді – 36:45. Жалғыз алтынды семсерлесуден Дмитрий Алексанин қоржынымызға салды. Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова үш қарғып секіруден Азия ойындарының алтын жүлдесін иеленді. 14.26 метрге секірген Рыпакова өзінің нәтижесін жақсартты.

Сондай-ақ, сайыпқыран жерлесіміз Бағлан Ибрагим самбодан 52 келі салмақта Азия ойындарының чемпионы атанғанда қуаныштан көзімізге жас алдық. Бағлан үшін Азия ойындары спорттық мансабындағы ең ірі жарыс екен. Осы сында топ жарып, қазақ еліне алтын сыйлаған алтын ұлға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Балуанның айтуынша, осыдан бір ай бұрын Моңғолияда өткен Азия чемпионатына қатысып, моңғолиялық Эрденбаатар Шаалууды ұтқан көрінеді. Моңғол балуаны финалда тағы да жолығып, Бағлан Ибрагимнің асығы алшысынан түсті. Оңтайлы сәтті ұтымды пайдаланған жерлесіміз қарсыласының сол қолына ауырту тәсілін жасап, 4:0 есебімен жеңіп, алтын жүлдеге қол жеткізді. Бұл жолы біздің бағындырған меже биік емес. Ал, 261 миллион тұрғыны бар Индонезия Азия ойындарын абыроймен атқарып шықты. Келесі жазғы Азия ойындарын 2022 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласы ұйымдастырады.

Спортшыларымызға сәттілік серік болсын!

Нұрдос КӘРІМ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button