Жақсылардың жоқшысы
Жақында Алматы қаласындағы «ТауПРИНТ» баспасынан жерлесіміз, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы Жеңіс Шәдетовтің академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған «Жақсының аты өлмейді…» атты естеліктер кітабы 150 данамен жарық көреді.
Бұған дейін 2011 жылы басылып шыққан «Бұқар баба елінде» деген алғашқы кітабында Жеңіс Жұмашұлы өзі туып-өскен Бұқар жырау ауданының сонау құрылған кезеңінен бүгінге дейінгі шежіресін жасап, оның дамып, өркендеуіне үлес қосқан ардагер қарттар мен еңбек майталмандарының, әр сала қызметкерлерінің еңбектерін жария етіп, еш боямасыз, шынайы бейнелеген еді.
Енді ол бұл жолғы екінші кітабының атауына Бұқарекеңнің «Жақсының аты өлмейді…» дейтін қанатты сөзін алып, соған сәйкес осы өңірден шығып, атақ-даңқы елге жайылған тұлғалар туралы тебірене толғанады. Әсіресе, оқырман одан қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаев, оның әкесі Имантайдың қазасы, ағасы Бөкештің тағдыры, анасы Әнипа, бәйбішесі Шәрипа мен академик қызы Шәмсиябану, Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының президенті болғандағы көмекшісі Бөпежан Аяпбергенов, туған ауылы Үлгідегі Қаныш бағы жайлы бұрын беймәлім болып келген көп жайтқа қанығады. Өйткені Жекеңнің әкесі Жұмаш ақсақал Қанағаңмен бір жылы туған төл құрдасы және аталас туысы болып келеді де, тірлігінде екеуі қатты сыйласып, араласқан. Сол әкесінен естіген,өзі көріп-білген оқиғалары осы кітаптың басым бөлігін қамтып, құнды мәліметтер береді. Автор есімдері ескерусіз қалып бара жатқан Қанағаңның академик шәкірттері Арықтай Қайыпов пен Ибраһим Оңаевті де ұмыт қалдырмай, елге сіңірген еңбектерін ілтипатпен еске алады.
Сол сияқты бұл кітапқа енген аталас туысы Жұматай (Әбжалап) әулиенің тылсым қасиеттері, өз анасы Қапсаның қапелімде қасқыр соққаны, қатар өскен достары, журналист Шайхан Жандаев пен қобызшы Сайлау Нокин, ауыл шаруашылығы мамандары Нұртай Танабаев, Сағымбек Асанов, қазақ арасында өскен неміс қызы Вера, жерлес қаламгер Бейбіт Әшкенов жөніндегі әңгіме, естеліктері де жылы оқылады.
Сонымен, туған өлке тарихын түгендеп, толықтыру жолында талмай қалам тербеп, ел-жұртқа, ғылымға еңбегі сіңген қайраткер тұлғалардың есімдерін жаңғыртып, жақсылардың жоқшысы болып жүрген Жеңіс ағамыздың бұл кітабын да көпшілік оқырман жылы қабылдап, құмарлана оқиды деген ойдамыз.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Ortalyq.kz