Басты тақырыпОблыс әкімі

Жағдай – жіті бақылауда

     Кеше облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ пен ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий ИЛЬИН аймақтың су басы қаупі бар өңірлерін тікұшақпен аралап өтті. Мұндағы мақсат – елді мекендер мен тұрғындардың су тасқынынан қаншалықты қауіпсізденгенін бағалау.

Тікұшақ облыстағы бес ауданның үстінен ұшып өтіп, әуеден Нұра мен Шерубай-Нұра өзендерінің арнасы тексерілді. Аймақ басшысының сапары Самарқанд су қоймасы, Ғ.Мұстафин кенті, Ботақара, Бұқар жырау ауданының Петровка және Шешенқара ауылдары, Қарқаралы ауданының Матақ, Ынталы, Көктас, Ақжол, Бесоба ауылдары мен Талды станциясы, Шет ауданының Нұраталды, Красная Поляна және Қарамұрын станциясы сынды елді мекендерді қамтыды. Нұра ауданына жүргізілген сапар кезінде Ақмешіт, Байтуған, Шахтерское және Майоровка ауылдары, Абай ауданында Құлайғыр және Самарқа ауылдары мен Ынтымақ су қоймасы қаралды.

Сапарға қатысушылар тасқын суды қамти алатын су қоймаларының қорын жасақтауды тілге тиек етті. Тасқын кезеңінде су жіберуді жедел реттеуді қамтамасыз ету қажеттігі де айтылды.

Көктемгі су жайылу кезеңінен бері облыста 8 елді мекен суға малтығып, еріген қар суы 21 үй мен 44 ауланы шайып өтті. Мұндай су республикалық және жергілікті маңызы бар 26 автокөлік жолының 3,5 шақырымының жиегінен асып, пойыз жолының екі учаскесіне жайылған еді. Қазіргі күні жергілікті маңызы бар жолдардың төрт учаскесі мен республикалық маңызы бар Қарқаралы және Шет аудандарындағы жолдардың екі учаскесінде судың жол жиегінен асқаны мәлім болып отыр.

Сондықтан, су тасу жағдайы тұрақты бақылауға алынды. Облыстық штаб пен жергілікті штабтар жұмыс жасап, барлық ақпарат бір арнаға құйылуда. Сондай-ақ, тәулік бойы кезекшілік жүргізіледі.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button