Басты тақырып

Жаңа жүйе – әлеумет әлеуеті үшін

      Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ елдің кемел келешегін көздеген  «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудың бір бағытында халыққа әлеуметтік көмек көрсетудің бірқатар басымдықтарын атап көрсетті. Осы мақсатта 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде атаулы әлеуметтік көмектің жаңа жүйесі енгізіліп, АӘК орташа алғанда 25 пайызға артады. Жаңа формат тек атаулы әлеуметтік көмек төлеп қана қоймай, мемлекет тарапынан халықты жұмыспен қамтуды көздейді. Алдағы уақытта орын алатын өзгерістерге орай, бейсенбі күні ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара ДҮЙСЕНОВА Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді. Министр аймақ тұрғындарына әлеуметтік қорғау саласындағы реформаларды түсіндіру  жұмыстарын Осакаров ауданынан бастады.

Министр алдымен Осакаров ауданындағы Жұмыспен қамту орталығының жұмысымен танысуды жөн көрді. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің жүргізілу барысын бақылап, дайындық деңгейіне баға берді. Сондай-ақ, мекеменің материалдық-техникалық жабдықталуына және орталық кеңесшілері мен көмекшілерінің кәсіби дайындығына назар аударды.

Оған қоса, «Өрлеу» пилоттық жобасының жүзеге асу барысымен танысты. Жалпы, облыс бойынша Осакаров ауданында 2015 жылдың шілде айынан бастап «Өрлеу» пилоттық жобасы қолға алынған болатын. Жоба жүзеге асқан екі жылда 50-ден астам отбасы, яғни, 270-ке жуық адам жобаға тартылған. Отбасыларға жалпы сомасы 8 млн. теңгеден астам қаржылай көмек көрсетілген. Аталған шаралар әлеуметтік аз қамтылған азаматтардың жан басына шаққандағы табыс мөлшерін екі есеге  (6358 теңгеден 12 572 теңгеге дейін) көбейтуге мүмкіндік берген. Биыл «Өрлеу» пилоттық жобасын жүзеге асыру үшін 13 млн. теңгеге жуық қаржы қарастырылса, оның  2,5 млн. теңгесі – аудан бюджетінен, қалғаны – республикалық бюджеттен бөлінген.

Бұл туралы министр «Атаулы әлеуметтік көмек, тек, ақшалай төлем ғана емес, кедейліктен шығудың кешенді шарасы. Еңбекпен қамту орталықтарының мамандары халыққа «Бір терезе» қағидасы бойынша қызметтің барлық түрлерін сапалы көрсетуге дайын болуы тиіс. Осы ретте дер кезінде шешім қабылдау да аса маңызды», – деп сөзін түйіндеді.

«Өрлеу» пилоттық жобасы туралы өз пікірімен бөліскен Осакаров ауданының тұрғыны Наталья Федулова жобаның тиімді тұстарын атады. Жалғыз басты ана 2015 жылы 150 мың теңге көлемінде қаржылық қолдауға ие болып, «Өрлеу»  арқылы өзінің жеке кәсібін ашқан. Қазіргі таңда жүргізіп отырған шаштараз қызметі – отбасының табыс көзіне айналған.

Наталья ФЕДУЛОВА, Осакаров ауданының тұрғыны:

Бірегей бағдарламаның көмегімен жеке кәсібімді аштым. Қазір өз жоспарларымды сенімді түрде жүзеге асыра аламын. Ауыл экономикасының дамуына үлес қосып, бағдарламаның қарқынды жүзеге асуына үлесімді қосамын. Себебі, оның пайдасы сүбелі екеніне көзім жетті.

Аудан орталығына сапарында министр ауылдық округ әкімдерімен, аудандық жұмыспен қамту орталықтарының басшыларымен кездесті. Көпшіліктің пікірін тыңдады.

♦  ♦ ♦

Осакаров ауданынан кейін министр ханым Қарағанды аймағындағы аналар кеңесінде қыз-келіншектермен кездесті. Кездесуге арқау болған тақырып  – 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек пен зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер. Сонымен қатар, кездесуге облыс әкімі Ерлан Қошанов та қатысты. Кездесуде сөз алған аймақ басшысы Ерлан Қошанов атаулы әлеуметтік көмек көрсетудегі жаңалықтың өңірге етене таныстығын атап өтті.

«Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек біздің аймақ үшін таңсық емес. «Өрлеу» пилотты жобасы екі жылдан астам уақыттан бері Қарағанды облысында жүргізіліп келеді. Біз іс жүзінде жобаның барлық қыр-сырына қанықтық және ол өзін ақтады деп айтуға болады» – деді.

Министр Тамара Дүйсенова әуелі атаулы әлеуметтік көмектің жаңалығына тоқталды. Министрдің айтуынша, бұл атаулы көмектің жаңа форматы  қаржылай қолдау ғана емес, кедейшіліктің шегінен шығудың кешенді шарасы болмақ.

Сонымен, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің қазіргі әлеуметтік төлемдерден басты айырмашылығы – тұрмысы төмен азаматтарға,  отбасыларға көрсетілетін қолдаудың үш түрін бір пакетпен ұсынуында. Яғни, бүгінгі таңдағыдай тек атаулы әлеуметтік көмек төлеп қана қоймай, мемлекет жұмысқа қабілетті отбасы мүшесін жұмысқа орналастыруға  жәрдемдеседі.  Бұл орайда жұмыссыз жүрген отбасы мүшелері мемлекет есебінен оқуға жіберіледі, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға орналастырылады. Сондай-ақ, жеке ісін ашуға шағын несие беріледі. Егер, отбасындағы адамдар қиын өмірлік жағдайға тап болса, үкіметтік емес ұйымдар, әлеуметтік қызметкерлер және мемлекеттік медициналық-әлеуметтік ұйымдар тарапынан мемлекет кепілдік берген арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Осылайша, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасыларды  кедейліктен шығаруға бағытталған кешенді қолдау тәсілдерінен тұрады.

Ал, атаулы әлеуметтік көмек кімге тағайындалады? Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек – табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-ынан төмен отбасыларға немесе азаматтарға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде көрсетіледі. Шартсыз атаулы әлеуметтік көмек құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға немесе еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын аз қамтылған отбасыларға беріледі.Мұндай аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек қандайда бір шартсыз тоқсан сайын тағайындалып, ай сайын төленеді.

Шартты атаулы әлеуметтік көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері бар аз қамтылған отбасыларға немесе еңбекке жарамды аз қамтылған азаматтарға ұсынылады. Мұнда қойылатын шарт – жұмыспен қамтудың белсенді шараларына олардың міндетті түрде қатысуы. Осы мақсатта әлеуметтік қызметтер мен қызмет алушылар арасында әлеуметтік келісім-шарт жасалады. Әлеуметтік келісім-шарт 6 айға қол қойылады және оны тағы 6 айға дейін создыру мүмкіндігі беріледі. Әлеуметтік келісім-шартқа қол қоя отырып, тараптар өзара міндеттер бөліседі. Әлеуметтік қызметтер – жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге күш салуға және төлемдерді төлеуге, отбасының еңбекке қабілетті мүшелері – отбасын аз қамтылған топ құрамынан шығаруға бағытталған әлеуметтік бейімдеу мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына жауаптылықпен қатысуға міндеттенеді. Аз қамтылған отбасының 18 жасқа толған еңбекке қабілетті мүшелері өздеріне әлеуметтік келісім-шартта жүктелген міндеттерді орындамаған жағдайда жәрдемақы мөлшерін қысқарту тетігі қарастырылған: бірінші рет – отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің атаулы әлеуметтік көмегі 50%-ға, қайталанған жағдайда 100%-ға қысқартылады. Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек кәмелет жасқа толмаған балаларға және бала күтімімен отырған аналарға толық мөлшерде сақталады.

Сонымен қатар, кездесуде Тамара Қасымқызы зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер хақында да мәлімдеді. Соның ішінде, базалық зейнетақы тағайындау әдісіне өзгеріс енгізілмек. Қазіргі кезде базалық зейнетақы төленгенде адамның еңбек өтілі ескерілмесе, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақының мөлшері еңбек өтіліне қарай тағайындалады.

Азаматтың 1998 жылы 1 қаңтарға дейін,  жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілгенге дейінгі еңбек өтілі ғана емес, сол жинақтау жүйесіне қатысу мерзімі де ескеріледі.

♦  ♦ ♦

Жұмыс сапарын жұма күні жалғастырған  министр  атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын енгізу күн тәртібіндегі басты мәселе болғандықтан Қарағанды қаласының жұмыспен қамту орталығына арнайы барды. Алдағы уақытта жұмыспен қамту орталықтарына келушілер саны күрт өседі деп күтілуде. Өйткені, бұған дейін жәрдемақы алушылар жеке-дара төрт ұйымға барып жүрген болса, енді келесі жылдан бастап, бұл міндеттің барлығын жұмыспен қамту орталығында, бір ғана мекемеде шешетін болады. Яғни, жұмыссыз ретінде тіркеліп, жәрдемақысы тағайындалып, әлеуемттік келісім-шарт сол арада жасалады. Сондықтан, министр  Қарағанды қаласының жұмыспен қамту орталығын 11 мың келушіге ыңғайлы ету үшін тапсырма берді. Орталықтағы мамандармен пікір алмасып, жұмыстың жай-жапсарын бақылады.

♦  ♦ ♦

Бұдан кейін Тамара Қасымқызы облыстық әкімдікте аймақтың іргелі кәсіпорындарының басшыларымен жаңғырту  ісіне қатысты кеңес өткізді.  Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет Басшысы Үкімет пен әкімдіктерге кәсіпорындарды жаңғыртудың нәтижесінде туындайтын еңбек ресурстары ағынын басқару үшін жағдай жасау міндетін жүктеген болатын. Елбасының тапсырмасына орай,  Қарағандының жүйе құраушы «АрселорМиттал Теміртау», «Қазақмыс» кәсіпорындарын жаңғыртуға қатысты «Жол картасын» дайындау  талқыланды. Дәлірек айтқанда, бүгінгі таңда жаңғырту кезінде қандай мамандар қаттығы және жұмысшылар легінің қай деңгейді қамтитындығы сөз болды. Министрлік бұған дейін еліміздегі 10 мың кәсіпорынға  жаңғырту бойынша сұрау салған көрінеді. Оның арасында Қарағанды аймағының 78 кәсіпорны бар.

БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында министр ханым кездесуде аймақтағы кәсіпорындарды жаңғырту негізінде «Жол картасын» дайындауға тапсырма берілгенін айтты. Нақтыласақ, жергілікті билік өкілдері желтоқсан айының 15 жұлдызына дейін жол картасын ұсынуы тиіс.  Сондай-ақ, ірі өндіріс орындары «Арселор Миттал теміртау» АҚ, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС өндіріс  ошақтарында жаңғырту барысындағы туындауы мүмкін түйткілдердің түйінін тарқатып берді.

Тамара ДҮЙСЕНОВА, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Елбасы үшінші жаңғыртуға байланысты кәсіпорындарды жаңғыртуда «Жол картасын» жасауды тапсырған болатын. Осы мақсатта еліміздің 10 мың кәсіпорнына сұрау салынды. Оның ішінде 78 кәсіпорын қарағандылық жұмыс берушілер болып табылады. Осы орайда, бүгінге дейін жұмыс берушілермен екі кездесу өтті. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да жаңғырту кезінде қысқарту болмайды. Сонымен қатар, 2025 жылға дейін 6 мың адам зейнеткерлікке шықпақ. Осыған қатысты олардың орнын басатын мамандар дайындау мәселесі де көтерілді. Бұл орайда, компания мамандар дайындау үшін 3 колледжге 60 млн.теңге инвестиция құюға мүдделі. Сол қаржыға колледждердің материалдық-техникалық базасы жабдықталады.

Ал, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС  жаңғырту кезінде 2000 жұмысшының басқа мамандықтарды меңгеруіне, өзге де ішкі кәсіпорындарға, жұмыстарға ауысуы мүмкіндігіне қатысты материалдар ұсынған. Бірақ, қысқарту  орын алмайды. «ERG» тобына қарасты «Шұбаркөл» АҚ -да өзгеріс жоқ. «Қазхром» компаниясына 60-тан астам қосымша маман қажет екен. Ал, аймақта 500-ден астам жұмысшысы бар кәсіпорындарды тізбелеп, олармен жұмыс жүргізу әкімдікке жүктелген.

Аймаққа жұмыс сапарының қорытындысында министр облыс әкімдігінде қала және аудан әкімдері мен олардың орынбасарларының қатысуымен  кеңес өткізді.

 

Аяулым СОВЕТ,

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

 

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button