Бас тақырып

Жаңа қоғамға жаңа мұғалім келді

Таңдау мүмкіндігі туғанда мейлінше мүлт кетпеуді қажет ететін нәрсенің бірі – мамандық. Алайда, мамандық таңдауға келгенде аяғын шалыс басып, басқа жолға түскендер я шарасыз күй кешкендер көп. «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс» деуінде үлкен мән бар. Осы орайда баланы жас кезінен кәсіпке бағыттап, мамандыққа мектептен бейімдеу қолға алынған болатын. Мәселен, биылғы оқу жылының басынан еліміздің мектептерінде Оқу-ағарту министрлігінің шешімімен педагог-кәсіби бағдар беруші (педагог-профориентатор) лауазымы енгізілді.

Облыстың білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, биылғы оқу жылында оқушыларға болашақ мамандықты таңдауға көмектесетін кәсіптік бағдар берушілер бірлігі енгізілді. Өңірде 264 немесе 70,4% білім беру ұйымында педагог-кәсіби бағдар беруші маманы жұмыс істейді. Мұндай мамандар кәсіптік бағдарлау жұмыстары аясында (ашық есік күндері, мамандық таңдау сағаттары, кәсіптік сынамалар, университет факультеттерінің апталығы, мұражайларға және жұмысшы кәсіптер орталығына экскурсиялар, өкілдермен кездесу және т.б.) жүргізіліп жатқан жұмыс, жоғары сынып оқушыларына өз бетінше мамандық таңдауға, кәсіптер әлемі, еңбек жағдайлары және кәсіптік оқыту орындары туралы ақпарат береді.

Енді ғана енгізілген мамандық таңдауға даярлау жүйесіне баға беруге әлі ерте. Дегенмен, жастар жұмыссыздығын азайтуға, олардың өмірден өз орнын табуына осындай жүйенің сеп болатынына сенім бар. Жасыратыны жоқ, оң-солын танымаған оқушылар мамандықтар туралы ақпараттарды біле бермейді. Осындайда пәнді үйрететін, оқушының қабілетіне қарай мамандыққа бағыттайтын педагогтің жұмысы орасан. Кәсіби бағдар беруші педагог еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды ұсынып, оқу орындары туралы ақпарат береді. Сондықтан, әр баланың бағытын дұрыс арнаға бұрып, болашаққа жөн сілтейтін мұндай мұғалімдерде жауапкершілік жүгі ауыр десе де болғандай.

Десе де, елімізде кәсіби бағдар беру саласында мамандар да, ақпарат та аз. Бұл бағыт Қазақстанда енді-енді дамып келе жатқаны жасырын емес. Шетелдерде балаларды мамандыққа бейімдеу балабақшадан басталады екен. Біз мұндайға әлі жеткеніміз жоқ. Жалпы білім беретін мектептердің өзінде кәсіби бағдар беру 7-сыныптан басталады. Мәселен, ҚР Профориентологтар қауымдастығының төрайымы Жадыра Тойбай «шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, білім беру бағдарламалары жөнінде толық энциклопедиялық басылымдарды жа

– Өткен жылдан бастап мемлекеттік деңгейде қолдау тауып, кәсіби бағдар беруші педагог лауазымы әр мектепке енгізілуде. Ең алдымен жекеменшік мектептер мен ҰБТ-ға даярлау орталықтары профориентологтармен тығыз жұмыс істеп, түрлі тесттерді қолдана бастады. Баршамызға мәлім, қазір өзін-өзі тану пәнінің мұғалімдерінде сағат жоқ. Сол педагогтер енді кәсіби бағдарлаушы болып қайта даярлықтан өтіп жатыр. Жалпы, шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, білім беру бағдарламалары жөнінде толық энциклопедиялық басылымдарды жарыққа шығару керек деп ойлаймын. Кәсіби профориентологтар дайындайтын курстар оқытылуы керек. Мен басшылық ететін қауымдастық базасында жарты жылда 300-ден аса педагог біліктілігін арттырды. Енді кәсіби бағдарлау мамандық ретінде ЖОО-ларда оқытылғаны жөн деп санаймын, – дейді Жадыра Тойбай.

Қарағандыдағы әл-Фараби атындағы мектеп-гимназия директорының бейіндік оқыту жұмысы жөніндегі орынбасары Айкүміс Бейсембинаның айтуынша, мектепте өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі болған педагог сағат қысқарғаннан кейін оқу жылының басынан кәсіби бағдар беруші қызметін атқарып жүр. Тәжірибесі аз маманды біліктілікті арттыру курстарынан өткізу жоспарда бар екен.

Мектептерде кәсіптік бағдар беру 7-сыныптан басталады. Кәсіптік бағытта педагогикалық «Тіл жаршысы» және медициналық «Мейірім тамшылары» атты сыныптар ашылды. Қазіргі таңда 7-9 сыныптарға жеке жұмыс жоспары құрылған. Қалалық білім бөлімінен кәсіптік бағытта бағдар беріліп отырады. Ата-аналармен онлайн режимде жиналыстар өткізіледі.

Педагог-кәсіби бағдар беруші өз қызметін осы оқу жылынан бастады. Мұндай мұғалім оқушыларға мамандықты дұрыс таңдауына бағыт-бағдар береді. Біз қазіргі кезде педагог-профориентатормен бірлесе жұмыс жасаймыз. Гимназияда 2226 оқушы бар. Менің ойымша, оқушылары көп мектептерге бір ғана кәсіби бағдар беруші мұғалім жеткіліксіз деп ойлаймын, – деді Айкүміс Бейсембина.

Педагогтің айтуынша, кәсіби бағдар беруші мұғалімнің жұмысы өте көп. Әл-Фараби атындағы мектеп-гимназияда 7-11 сынып оқушыларына көрме ұйымдастырылып, өңірдегі колледждер мен жоғары оқу орындарынан арнайы мамандар келіп, оқу орнында оқытылатын мамандықтар жайлы ақпарат береді екен. Мұндай көрме өңірдегі мектептердің көпшілігінде өтетіні белгілі.

Ал, еліміздегі Назарбаев Зияткерлік мектептердің барлығында кәсіби бағдар беруші маман оқу орны ашылғалы бері жұмыс істейді. Мәселен, Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ашылғанына 10 жыл болса, демек 10 жылдан бері мұндай мамандар оқушыларға кәсіптік бағдар беріп, оқушылардың оқуға түсіне сеп болып келеді деген сөз. Зияткерлік мектеп оқушыларды мамандыққа қалай баулитыны туралы НЗМ-нің кәсіби бағдар беру кеңесшісі Диас Қабденовтен сұрап білдік:

– Жалпы білім беретін мектептерде қажеттілік туындаған соң биылдан бастап енгізілгенге ұқсайды. Кәсіби бағдар беретін мамандар тек оқушылармен ғана емес, мұғалімдермен, ата-аналармен, оқу орындарымен де тығыз жұмыс жасайды. Түрлі іс-шаралар, кездесулер жоспарға сай өткізіліп отырады. НЗМ-де жазды күндері өткізілетін «Жазғы әлеуметтік практика» деген жоба бар. 7-8 сынып оқушылары ата-анасының жұмысында 1 күн өткізуі керек. Ал, 9-10 сынып оқушылары 10 күн бойы ата-анасының жұмыс орнымен танысады. Одан басқа жоғары оқу орындарынан арнайы мамандарды, университет ғалымдарын кездесуге шақырамыз. Жуық арада «Kaz Aren» ЖШС компаниясынан диспетчерлер, медиа қызметкерлер, радиотехника мамандары келді. Олар мамандықтары жайлы, оқуға қалай түсу қажеттігі туралы оқушыларға бағыт-бағдар берді.

Одан бөлек, Ресейдің profguide.io және шетелдік planitplus.net платформалары, қазақстандық edunavigator.kz ақпараттық жүйесі оқушылардың қызығушылығын анықтауға, мамандық таңдауына көмектеседі. Қазақстанның жоғары оқу орындарында қандай мамандықтар оқытатынын univision.kz сайтынан білуге болады, – деді Диас Асхатұлы.

Иә, оң-солын танып үлгермеген оқушыға болашақ мамандығын таңдауда жөн сілтейтін пәннің болғаны жақсы. Мамандығына адал болғандардың арқасында ел өркендейді. Тек таңдаудан қателеспесе, болғаны…

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button