Жаңа мектеп – жарқын жетістік

    Білім күні мерекесінде кеншілер шаһарына іргелес орналасқан Жезқазған кентінен көшірілген тұрғындарды қоныстандыру мақсатында жаңадан бой көтерген «Нұрлы мекен» шағынауданында жаңа мектеп есігін айқара ашты. Алғашқы қоңырау салтанатында жүздері қуаныштан алаулаған оқушыларды, олардың ұстаздары мен ата-аналарын Сәтбаев қаласының әкімі Асқар ЫДЫРЫСОВ құттықтады.

Жұртшылықтың шаттығын бөлісушілер қатарында қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук, аймаққа атты кеңінен мәлім ұлағатты ұстаз, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Шабал Бейсембекова, білім саласының ардагерлері, сондай-ақ, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың басшылары болды.

Әрине, жаңа мектеп – жарқын жетістік. Ең бастысы, заманауи үлгіде салынған оқу ордасында жас өскіннің сапалы білім алуына толыққанды мүмкіндік тудырылған. Материалдық-техникалық тұрғыда жарақтандырылуы жоғары деңгейлі талаптарға сай келеді. Электронды кітапхана, алты мультимедиялық кабинет, төрт информатика кабинеті, ерекше үлгідегі химия, физика және биология кабинеттері – соның айғағы. Екі спорт залы, электронды басқару жүйесіне қосылған станоктары мен электрлі тігін машинкалары бар технология кабинеттері, 200 орындық мәжіліс және концерт залы, бір мезгілде 130 оқушыны тамақтандыра алатын асханасы кімді де болса, таңдай қақтырып, тамсантқандай. Оқу ошағында сонымен қатар, Балалар өнер мектебінің филиалы – би, драма, халық аспаптары бөлімшелері жұмыс істейтін болады.

– Міне, осының бәрі жаңа мектепке тыңнан бой көтерген шағынауданның тек қана білім беру ісінде емес, сонымен қатар, мәдени және спорттық өмірінде де әлеуеті зор орталығы болуына күмәнсіз негіз қалайды, – деді Асқар Абылайұлы өзінің құттықтау лебізінде. Алқалаған ағайынға кіршіксіз аппақ тілегін арнаған қала басшысы енді ғана пайдалануға берілген оқу ошағының болашақ түлектері Отаны мен туған өңірін одан әрі өркендетуге сүбелі үлес қосар азаматтар болып қалыптасарына сенім білдірді. Содан кейін мектеп директоры Райхан Бапанова символикалық үлгідегі кілт, ал бірінші сынып оқушыларына Білім Кітабын табыстады.

Алғашқы қоңырау салтанаты Балалар өнер мектебінің тәрбиеленушілері орындаған әсем әнмен түйінделді.

Жүректерге жылу ұялатқан жиыннан кейін мектеп меймандары оқу-тәрбие ошағын аралап, ерекшеліктерімен жете танысты.

Судай жаңа ғимарат мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынған. 600 оқушыға арналған мектептің жалпы құны – 1 млрд. 279 млн. теңге. Құрылысты жүргізген мердігер компания — елордалық «СТРОИН» ЖШС.

Білім беруді қазақ және орыс тілдерінде жүргізетін мектепте биылғы жылы 300-ге тарта оқушы партаға отырды. Олардың басым дені бұған дейін Жезқазған кентіндегі №2 орта мектепте оқыған балалар. Мектеп ұстаздары да сол мектептен ауысу жолымен келген білікті мамандар. Жезқазған кентінен Сәтбаев қаласына қоныс аударып үлгермеген отбасыларының балалары үшін арнайы мектеп автобусының қызметі ұсынылмақшы.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

СӘТБАЕВ қаласы.

Суретті түсірген Н.ИЛЬЯСОВА.

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.