Жаңа әліпби — талқыда

Қазақ тілі санасы құлдық қамытынан ада Алаш баласына жақұттан да бағалы екендігі һақ. Өткен ғасырдың басында осы асылға Ахмет Байтұрсынов араб әліпбиі сипатында бедерлеп белгі беріп, грамматикалық, фонетикалық және стилистикалық жүйесі мен құрылымының ғылыми негізін қалап, ұлт сауаттылығы үшін ұлы іс атқарды. Ал, қазіргі тіл білімінің көкжиегінде латын графикасына көшу мәселесі тұр. Осыған орай, Қарағанды төріндегі «Достық» үйінде облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Ұлттық комиссия отырысында қаралған әліпби нұсқаларының кем-кетігі мен артықшылықтарын саралайтын ашық талқылау өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың соңында Мәдениет және спорт министрлігіне бекітілген латыннегізді әліпбиді жетілдіру жөнінде бірқатар тапсырмалар берген болатын. Содан бері елімізде талай жиындар өтіп, ондаған нұсқа сарапқа салынды.

Қарағанды қаласындағы жиында да ұлт болмысының жандүниесіне баланатын ана тілімізге латыннегізді әліпбидің қай нұсқасы дұрыстығын тіл мамандары, ұстаздар мен журналистер таразы талқысына салды. Сүбелі ойларын салмақтаған Мархаба Тұрсынова, Құрманғазы Сембиев сынды филолог ғалымдар мен облыстағы Ресурстық тіл орталығының директоры Гүлназ Мұстағұлова орталық өңірдің әр тарапынан келген мұғалімдер қауымы мен тіл жанашырларының сұрақтарын зерделеп, орфографиялық жұмыс тобында қаралған акутты және умлаут жобаларына ғылыми талдау жасады. Келелі отырыстан көңілге түйген тұжырым баршылық. Мәселен бекітілген әліпбидегі басты олқылықтардың – бірі диграфтардың екіұшты оқылып, контекспен ғана ажыратылатындығы және У әрпінің графикалық кескінінің келіспеуі. Акутты нұсқадағы әліпбимен көсілте жазу жеңіл, алайда күмәнді тұсы – бұл таңбаның халықаралық жүйеде тек дауысты дыбыстардан ғана созылыңқы, екпін қасиеттерін көрсететіндігі. Умлаут жобасындағы әліпбидің басқалардан артықшылығы – дауысты және дауыссыз дыбыстар диакритикасы өзара айқын ажыратылып, негізі түбі бір түркі халықтарына ғана тән сингармонизм заңдылығын қатаң сақтауға көмектесетіндігі.

Жалпы, ғалымдардың ғана емес, тілге жаны ашитын барша жұрттың пікірі жазудағы дауысты, дауыссыз дыбыстар бір-біріне міңгеспей, қосарлана тұрса, қазақ тіліне тән дыбыстар нақты таңбаға ие болса дегенге саяды.

Тұтас ұлттың сауаттылығына әсер ететіндіктен латыннегізді әліпбиге өту реформасының маңызы зор. Сондықтан, жиылған қауымға бұл мәселенің алда талай талқыланатынын айтып тарасқан ғалымдар көпшіліктің белсенділігіне риза болды.

Қазақ тілі – қазақтың рухани әлеміндегі күн іспетті. Тарих та, тағылым да содан жарық, жылу алады. Оның тамырының тереңдігін әлемге Әлкей Марғұландай абызымыз әлдеқашан дәлелдеп кеткен. Қазақ тілінің байлығы – өр Алтайдан басталып, сайын сахараға жалғасқан даланың қазба кеніндей бай әрі терең. Сол ұланғайыр атыраптағы Алты Алаш баласының игілігіне арнап жасаған Ахмет Байтұрсыновтың «Тіл құралы» әдебиет пен ғылым зергерлерінің айнымас темірқазығына айналған. Ахаңның сол кезеңде араб қарпін таңдауының астарында халықты түбі бір түркілермен бауырластырып, асыл дінімізден айырмау ойы тұрса керек. Ал, қазір олардың көбі жазуын латын графикасына негіздеген. Сондықтан, латыннегізді әліпбиге көшетін қазақ тілі – мыңдаған жылдар өтсе де тұрақтылығы мен түбірін сақтаған түркі тілдеріне рухани, жаһандық жаңа технологиялардың өзегі ағылшын тіліне кескінді түрде жақындаса, ұтылмасымыз анық. Өйткені, интеграцияға қабілетті ұлттың қай салада болсын ілгерілейтіні анық.

Құрманғазы ӨТЕБАЙ