Жаңа кітап – жан азығы

Балқаш қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орталық қалалық кітапханада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ақын-жазушы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, қалалық «Қаламгер» әдеби қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жанболат БАШАРДЫҢ «Абыз бен аңыз» кітабының тұсаукесері өтіп, көпшілікке таныстырылды.

Жазушының жаңа кітабында Тоқырауынды жайлаған Қаременде би Шақаұлының және сол кеЗеңде ғұмыр кешкен белгілі тұлғалар туралы қадау-қадау тарихи оқиғалар молынан баяндалған. Ел аузында жүрген аңыз әңгімелер, сол тұстағы ел басынан өткен қиын шақтар шығарма арқауына айналған. Қазақ хандығы жойылып, елді аға сұлтандар мен болыстар билеген дәуірдегі жұрттың жұдырықтай жұмылуына, бірлікте болуына өз үлесін қосқан тұлғаларды танып-білуге көңілі ояу жастарға, ғалымдарға, жалпы оқырманға кітаптың берері мол. Жаңа туындының тұсаукесер рәсіміне қатысқан Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, белгілі өлкетанушы, бірнеше тарихи-этнографиялық танымдық кітаптардың авторы Тұңғышбай Мұқан, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Тілеуғалы Әміртайұлы, еңбек ардагері Қали Зиядаұлы, ақындар Қуандық Сәденов, Мөлдір Бөлекова, Нұрдос Маратұлы, қалалық «Балқаш өңірі» газетінің бас редакторы Қуаныш Аманқұлов бабалар рухына тәу еткен аталмыш кітаптың Тәуелсіздіктің жемісі екенін тілге тиек етті.

– Кез-келген кітаптың өз тарихы бар. Ең алдымен идея туады. Автор оны іске асыру үшін зерттеп, зерделейді. Білмеген дүниелері болса шаң басқан архивтерді ақтарады, бір факті екіншісін теріске шығаратын жағдайлар кездеседі. Себебі, тарихты жазу, зерттеу, баға беру өте қиын жұмыс. Кітапта Қараменде би Шақаұлының, белгілі тұлға Орманбет Байжомартұлының, Нарманбет ақынның адамгершілік образы, олардың өмір сүрген дәуірі жан-жақты көрсетілген. Туған халқын жанындай сүйіп, оның мүддесін көздеген тұлғалардың қызметі, қоғамдық, рухани өмірі шығарманың өзекті идеялық желісі. Бұл халқымыздың әлеуметтік-мәдениеттік өмірін зор жазушылық шеберлікпен суреттеген кесек шығарма. Қазақтың басынан кешірген тарихи кезеңді шынайы жеткізген шығарма, өсіп кемеліне келген қазақ прозасының келбетін байқатады, – деді Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, белгілі өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан.

Құнды кітаптың таныстырылымына қатысқан бірқатар зиялы қауым өкілдері қажырлы таланттың өнімді еңбегін бағалап, қалам қайратына тәнті болды. Сәкен Сейфуллин атындағы орталық қалалық кітапхана директоры Балшырын Мұхаметжанова жазушының кітап көрмесімен таныстырып, кітапхана жаңа кітаппен толыққандығын атап өтті. Қаншама көз майын тауысып, кедергілер мен қиындықтарды жеңіп, оқырманға жол тартқан кітабына лебізін білдіргендерге жазушы Жанболат Башарұлы разылығын жеткізді. Айта кетейік, жазушы Жанболат Башардың бұған дейін «Пешене», «Кепиет», «Қабір үстіндегі зұлмат» повесі мен әңгімелер жинағы және «Жалғанның жүзі» романы жарық көрген болатын.

Нұрдос КӘРІМ.