Жаңа кешен іске қосылды
Өткен аптада Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентінде 320 орындық заманауи Денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріліп, іске қосылды. Оның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын арнайы келіп, 82 жастағы спорт ардагері Виктор Уркуновпен және дзюдодан халықаралық жарыстардың жүлдегері Ерғанат Молдағұловпен бірге жаңа нысанның лентасын қиды.
Бүгінде елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыруға айрықша назар аударылып, бұқаралық спортпен шұғылдануға ынталандыру үшін спорт нысандарының баршаға қолжетімді болуы маңызды. Бұған дейін ботақаралықтарға спортпен айналысатын жер жетіспей, осындағы 2 жалпы білім беретін және балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептерінің залдары қашан барсаң, лық толы болатын. Енді осы жаңа кешеннің ашылуымен бұл ыңғайсыздықтар жойылып, 6300-ден аса тұрғыны бар кенттің жас-кәрісі сан алуан спорт түрімен кеңінен қамтылады деп күтілуде.
Республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттердің қаржысына салынып, бой көтерген сәулетті ғимараттар күрес және бокс залдары, үстел теннисі, тағы да басқа кабинеттер бар. Жақын арада мұнда волейбол, баскетбол, шағын футбол, үстел теннисі, шахмат секциялары ашылып, ұлттық спорт түрлерін дамыту да қолға алынады. Болашақта ауданның барлық тұрғындарын қамту үшін аталған Денешынықтыру-сауықтыру кешенінің базасында спорт клубын ашу да жоспарда. Кешенге келушілерді әзірге 7 жаттықтырушы баптап, спортқа баулыса, келешекте штат саны мен секциялар да көбейтілмек көрінеді.
Салтанат соңынан облыс әкімінің орынбасары Ерлан Бейсембайұлы мен Бұқар жырау ауданының әкімі Абылай Сұлтанғалиев кешен ішін аралап көріп, жергілікті жас спортшылар жиналған жұрт алдында жаттығу тәсілдері мен шеберліктерін көрсетті.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Ortalyq.kz