Жаңа газет жарық көрді
Арқа баспасөзі тағы бір жаңа басылыммен толықты. Шілде айының соңынан бастап, Приозерск қаласында қазақ және орыс тілдерінде «Қоржынтүбек Жаршысы» газеті жарық көре бастады. Аптасына бір рет шығатын жаңа басылым шағын шаһардың жаңалықтарын жедел һәм сапалы түрде ұсынып, әлеуметтік желі арқылы оқырмандарын көбейтуді көздеп отыр.
Приозерск қаласының 66 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған басылымның бас редакторы жас қаламгер – Исатай Махамбет. Әзірге, газеттің таралымы – 1000 дана. Газет өз атауын аймақтың географиялық орналасуына байланысты алған көрінеді. Бүгінгі таңда шығармашылық ұжымда 2 штаттық қызметкер бар. Басылымның ашылуына қолдау білдірген Приозерск қаласының әкімі Сапар Сатаев салтанатты шарада «Қоржынтүбек Жаршысы» газетінің болашағына сенім білдірді.
– Өз жұмысын бастаған «Қоржынтүбек Жаршысы» деп аталған бұл газет аптасына А 3 форматында бір рет қазақ және орыс тілдерінде шығады. Жаңа басылымның редакторы қала әкімі грантының жеңімпаздарының бірі, жас кәсіпкер Исатай Махамбеттің ісіне сәттілік тілеймін. Мемлекеттік саясатты насихаттауға және түсіндіруге, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының баса назар аударады деген ойдамын. Сондай-ақ, бірлік пен келісімді нығайтуға, аймақтағы достық тақырыбын кеңінен жариялауға, мәдениет, тарих туралы қызықты мақалалармен оқырманын қуантатындығына сенімдімін, – деді қала басшысы Сапар Сатаев.
«Қоржынтүбек Жаршысы» газетінің редакторы Исатай Махамбет жұртшылықты Приозерск өңірінің тыныс-тіршілігінен хабардар етумен қатар, республика көлеміндегі тақырыптарды да көтеруге әзір екендігін айтты. Өлкенің өткенінен құлағдар етіп, халқымыздың салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан, тамыры терең тарихынан сыр суыртпақтайтын басылымға айналдыратындығын тілге тиек етті.
Бізде өз кезегімізде газет қалың оқырманның сұранысын қанағаттандыратын арда басылымның қатарына қосылсын деген тілегімізді жеткіздік.
Нұрдос КӘРІМ.
ПРИОЗЕРСК қаласы.