Жағымды жаңалық

ТМД-да баламасыз жаңа зауыт

Қазақстанда белсендірілген көмір өндіретін зауыт іске қосылды. Ол ERG құрамындағы «Шұбаркөл көмір» АҚ коксхимиялық цехының базасында жұмысын бастады. Зауыт жылына 1 000 тоннаға дейін өнім шығарады және абсорбент импортын ішінара қамтиды.

«Шұбаркөл көмір» АҚ – табысты, қарқынды дамып келе жатқан кәсіпорын. Компанияда негізгі өндіріспен қатар көмірді терең өңдеу бағдарламасы бар. Белсендірілген көмір өндіру зауыты – кәсіпорын базасында табысты іске асырылған ірі жоба. Айта кетейік, өндірістің ТМД елдері аумағында баламасы жоқ.

– «Шұбаркөл көмір» АҚ-да өндірісті әртараптандырудың бірінші кезеңі 2006 жылы спецкокс өндіретін зауытты іске қосудан басталды. Арнайы кокстың ұсақтарынан белсендірілген көмір алу – әртараптандырудың екінші кезеңі. Біз қосымша құны көмір құнынан екі есе жоғары өнім шығаратын боламыз. Мұндай жоғары технологиялық өндірісті іске қосу бүгінде өзекті болып тұр, – дейді «Шұбаркөл көмір» АҚ президенті Рустам Ибрагимов. «Шұбаркөл көмір» АҚ коксохимиялық цехының базасында спецкокстың ұсақтарынан белсендірілген көмірдің тәжірибелік- өнеркәсіптік өндірісін құру идеясын Шұбаркөл мамандары ойлап тапқан. Олар бұл жобаны ERG инноваторларының I форумында қорғап, жеңімпаз атанған болатын.

– Әрі қарай идея ERG-дің ғылыми-зерттеу инжиниринг орталығының (ҒЗИО), Шұбаркөл көмір мамандарымен және бірнеше елдің ғалымдарымен бірлесе пысықталды. Осылайша, Шұбаркөл көміріне арналған жоғары технологиялық және сұранысқа ие өнім шығаруға мүмкіндік беретін бірегей технологияны әзірлеп, енгіздік, – дейді ERG-дің ҒЗИО басқарма төрағасы Сергей Опанасенко.

Жобаның басты міндеті – импортты алмастыру. Белсендірілген көмірдің қолданыс ауқымы өте кең: гидрометаллургиялық, алтын өндіру, фосфат өнеркәсібі, суды тазарту. Оған қажеттілік жоғары болғандықтан, (жылына 7 мың тоннадан астам) барлық белсендірілген көмір Қазақстанға шетелден жеткізіліп келді. Жаңа зауыттың өндірістік қуаты – жылына 1 000 тонна белсендірілген көмір және өндірістің одан ары дамуы жағдайында ұлғайтылуы мүмкін.

– Шұбаркөл белсендірілген көмірінің негізгі артықшылығы – шикізат ретінде арзан кокс ұсақтарын және қазіргі уақытта жағылып жатқан энергия тасымалдаушы ретінде кокс газын пайдалануға байланысты оның өзіндік құны төмен. Бұл өндіріс қалдықтарын кәдеге жаратудың өте маңызды проблемасын шешуге сеп, – дейді коксохимиялық өндірісінің басшысы Сабыржан Иманбаев, – Сонымен қатар, осы технология бойынша алынған белсендірілген көмірдің құны негізгі бәсекелестерге қарағанда 1,5-3 есе төмен болады. Белсендірілген көмірдің үлгілері барлық қажетті зертханалық сынақтан өтті. Жобаны сәтті енгізу кәсіпорында жаңа жұмыс орындарын құруға және Қазақстанда отандық өндірушілер шығаратын өнім үлесін арттыруға мүмкіндік берді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button