Жаңа емхана салынуда
Бейсенбі күні облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ жұмыс сапарымен мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бағдарламасы аясында Қарағандыда салынып жатқан №7 емханаға барды.
Аймақ басшысына облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев және жоба жетекшісі Дәулет Мырзағалиев жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары жөнінде есеп берді.
– Тұрғындар жайлылығы үшін емханада барлық жағдай жасалады. Емделушілер ыңғайлы күту залында электрондық кезек арқылы білікті мамандардың медициналық көмегіне жүгінеді. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін баспалдақ (пандус) орнатылып, пациенттерге арналған жеделсаты жұмыс істейтін болады. Әр қабатта санитарлық тораптар қарастырылған, – деді жоба жетекшісі.
Айта кеткен жөн, емхана ғимаратының құрылысына ағымдағы жылдың 10 қарашасынан 270 млн. теңге бағытталған. Оның ішінде 170,0 млн. теңге – жер учаскесін сатып алуға, 100,0 млн. теңге – медициналық жабдықтар сатып алуға жұмсалған.
Алдағы уақытта үш қабаттан тұратын, жалпы алаңы 1215 шаршы метрді құрайтын ғимаратта бекітілген стандартқа сәйкес қажетті кабинеттер мен бөлімшелер болады. Сондай-ақ, емхана тіркеу орны, дәрігерге дейінгі тексеру, дәрігер кабинеті, ем жасау және егу кабинеттері, диагностикалық бөлімшелер: ультрадыбыстық зерттеу, рентген-кабинеттерімен жабдықталады.
Емхана Қарағанды қаласының 15 мыңнан астам тұратын аймағында (Ержанов көшесі 28/2) орналасқан. Қазіргі уақытта аталған аймақ тұрғындарына №1 емхана қызмет көрсетуде. Балалар алаңы мен отбасылық денсаулық орталығы тапшы аймақтағы ғимаратты келер жылдың көктемінде пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Аяулым СОВЕТ