Қарағандыда 35 жаңа автобус жолға шықты

Қарағандыда қалалық бағыттарға жүретін 35 жаңа автобус пайдалануға берілді. №3 автопарк жаңа автобустармен толықты. Бүгінде № 40, 43, 53, 118 қалалық маршруттарына жіберілген.

Автобустардың көбеюі жолаушылар тасымалының сапасын арттыруға және көлік арасындағы аралықты азайтуға мүмкіндік береді.

«Бұл Yutong маркалы едені төмен автобустар. Олар халықтың жүріп-тұру мүмкіндігі әлсіз топтарына арналған пандустармен жабдықталған. Мүгедектігі бар адамдар үшін салонда бөлек орындар да бар. Бір автобустың жалпы сыйымдылығы – 76 адам, оның 33-і отыратын орын. Кузовының ұзындығы – 11,7 метр. Көлік дизельді қозғалтқыштармен жұмыс істейді», – деп хабарлады Қарағанды әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Жаңа техниканың арқасында бірнеше автобустардың қатары толықты. №43-маршруттағы автобустардың саны бұрын 24 болатын. Ал қазір 30-ға дейін көбейді. Сондай-ақ, қалада №40-шы автобустар саны арты. №118 қоғамдық көлік қатарына тағы бесеуі, ал №53 автобусқа тағы екеуі қосылды.

Осы жылдың желтоқсан айында № 3 автопаркке тағы 15 жаңа автобус әкелінеді. Ал 2023 жылдың қаңтар айында Таксокомбинат 32 көлік алмақшы. Бұл №28 және 31 маршруттардың жұмысын үдете түсуге мүмкіндік береді.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ