Ресми

Жаңа аллеяға 100 көшет тарту

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының үшінші аптасы, яғни, «Жасыл аймақ» апталығы басталды. Аты айтып тұрғандай, қоршаған ортаны жасыл желектендіріп, көгалдандыру жұмыстарына баса назар аударылмақ. Осыдан екі жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен Майқұдық саябағында «Жастар аллеясы» ашылып, акция қарсаңында жасыл желектендірілді. Шараға қалалық мәслихат төрағасы Алтынтөре Бөкенов арнайы қатысты.

Суреттер автордан

Жалпы, акция аясында қаладағы барлық саябаққа 3000 көшет егілді. 200-ге жуық еріктімен қатар ардагерлер, депутаттар және қала тұрғындары атсалысты. Майқұдықтағы «Жастар аллеясын» жасыл желектендіру үшін 4 арнайы техника мен еріктілер, ардагерлер жұмылдырылған. Арнайы мамандардың көмегімен қарағай тұқымды 100 көшет егілді. Алтынтөре Жангелдіұлы қала тұрғындарын акциядан қалыс қалмауларын сұрады.

– Майқұдық саябағы толық жөндеу жұмыстарынан кейін енді ғана жасыл желектендірілуде. Осы жолы «Жастар аллеясы» ашылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жаңа аллеяға көшеттер егілді. Қаладағы барлық саябақта осы шараны әріптестеріммен бірге еріктілер, қала тұрғындары жалғастыруда, – деді Алтынтөре Жангелдіұлы.

Қарағанды қаласының саябақтар мен бақтар басқармасының директоры Талғат Байтохин екі жыл бұрын қалыпқа келтірілген Майқұдықтың саябағына көшеттер енді егіліп жатқанын айтты.

– Бұл жолы 100 көшет ектік. Енді күзгі маусымда әр түрлі тұқымды 100 көшет егу жоспарда бар. Саябақты жасыл желектендіру – ең бірінші мәселе. Себебі, мұнда келген әр қала тұрғыны табиғат аясында жүргендей сезінуі керек. Таза ауада серуендеп, бой сергітуіне жағдай жасалуы шарт. Одан бөлек, күн жылынғанда саябаққа түрлі гүл тұқымын егеміз, – деді ол.

Зейнеткер Сәкен Келдібаев – осы саланың маманы. Ағаштың егу техникасын, гүлді егу әдісін бұл кісіден артық білетіндер кемде-кем. Саябаққа көшет аларда маманның көмегіне жүгініпті. Зейнеткеріміз шараның басы-қасында болып, жастарға ағаш егу әдісімен бөлісті.

– Көшет алып, оны қалай болса, солай еге салмаймыз. Гүл егудің, ағаш егудің уақыты болады. Бұны бізге табиғат айтады. Ал, біз табиғат заңына бағынуымыз қажет. Қазіргі уақыт – нағыз ағаш егетін маусым. Осы сәтті пайдаланып жатырмыз. Соңғы кездері тал егіп, гүл егетіндер көп. Бірақ, уақыт өткеннен кейін еккені солып, қурап жатады. Себебі, егу әдісін білмейді. Мұнда тек қадау қағып, байлап кете салмаймыз. Бүгін жиналғандарға әдісін түсіндірдім. Ағашты қалай байлап, егетінін, суғаратынын айттым. Балалар да отырғызу әдісін білетін болды, – зейнеткер Сәкен Келдібаев.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button