«Жүзі басқа — жүрегі бір, тілі басқа — тілегі бір»

Қазақстан – бүгінде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері достық пен келісімде өмір сүріп жатқан, 40-тан астам конфессияға біріккен көпұлтты мемлекет. Бүгінде ашық аспан астында тату-тәтті күн кешуде. Міне, бүгін сол ымыра-бірліктің нәтижесінде Ассамблеяның құрылу тарихы жайлы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында облыстық мемлекеттік мұрағатта «Основные этапы в развитии Ассамблеи народа Казахстана» кітабының тұсауы кесілді. Аталмыш кітапта 94 түрлі мәлімет енгізілген. Тұсаукесер рәсіміне Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген БЕКСҰЛТАНОВ қатысты.

– Тәуелсіздік біздің құндылығымыз. Ассамблея дегенде бірлік, ынтымақ есімізге түседі. Ал, бірлік бар жерде тұрақтылық бар. Сондықтан, құрметті жастар, қатысушылар барлықтарыңызға қалалық мәслихаттың атынан алғыс айтамын. Ел Тәуелсіздігі жасай берсін. Биыл Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылғанына 26 жыл. Облыста 100-ден астам өзге ұлт өкілдері тұрады. Олардан дініміз, тіліміз бөлек болса да, жүрегіміз бір. Біздің Тәуелсіздіктің басты құндылығы – бірлікте екенін ұмытпауымыз керек, – деді Құдайберген Бексұлтанов.

Облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясының, этномәдени бірлестіктердің жұмысын ұйымдастыру арқылы, мемлекеттік ұлттық саясаттың негізгі қағидалары мен бағыттарын ашу мақсатында кітап жарыққа шықты. Жинақта аймақтағы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу тарихы мен қызметі, оның Қазақстан Республикасының ұлттық саясатын жүзеге асыруға қатысуы туралы, ұлтаралық қатынастар саласындағы этномәдени бірлестіктердің қызметі туралы құжаттар жарияланған. Жинақ алғы сөз, екі бөлім және ғылыми анықтамалық ақпараттан тұрады. Бірінші бөлімге хронологиялық ретпен орналасқан 94 архивтік құжат, мерзімді басылымдардағы 10 жарияланым енгізілген. Ал, екінші бөлімге облыстық мемлекеттік архивінен, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы қорынан алынған фотосуреттер енгізілді.

– Биыл басты маңызды мереке – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Ал Тәуелсіздіктің тарихы жолында Қазақстан халқы Ассамблеясының орны ерекше. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен еңбегінің арқасында қазір біздің көпұлтты мемлекетіміздің татулығы басқа мемлекеттердің қызығушылығын тудыруда. Мұндай салиқалы саясатты ұстанып, түрлі ұлт өкілдерін бір шаңырақтың астында ұстау – екінің бірінің қолынан келмейді, – деді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Увайс Джанаев.

Шараға облыстық этномәдени бірлестіктерінің, облыстық Ардагерлер кеңесінің өкілдері, ғалымдар, мұрағатшылар мен Н.Әбдіров атындағы №58 мектебінің кадет сыныбы қатысты. Облыстық мемлекеттік мұрағат мамандары тарихи маңызы бар шаралардың бұдан әрі жалғасатынын баса айтты.

Ербол ЕРБОЛАТ.