Жұртта қалған жұртшылық тұрмыстық түйткілдерге алаңдайды

ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 3 қарашадағы №1238 қаулысына сәйкес, кеншілер қаласынан 7 шақырымдағы, құрамына Весовая, Крестовский, Перевалка елді-мекені мен Сәтбаев ауылы кіретін Жезқазған кентін кезең-кезеңмен көшіру басталғалы жеті жыл артта қалды. Бірінші кезеңде — 50, екінші кезеңде — 980, үшінші кезеңде 518 отбасы қоныс аударды.

Бірден айтайық, көшірудің кілтипаны көп болып шықты. Бастапқы беттен-ақ төрт мәселеге қатысты сотқа жүгінуге тура келді. Екінші кезеңде оның қатары елуге жетті. Үшінші кезеңде жүздің үстіне шығып кетті. Бұқара мен жергілікті билік арасындағы текетірестің табиғаты алуан түрлі. Оны жіліктей жөнелсек, бір мақаланың көлемі кемдік қылады. Сондықтан, әзірге жұртта қалған жұртшылықтың тыныстіршілігіне ғана тоқталамыз.

Қазір Жезқазған кенті аумағында 3 365 адам тұрады. № 10 мектепте — 76, № 12 мектепте 207 бала оқиды. №4 «Айгөлек» балабақшасында 72 бала тәрбиеленеді. Весовая елді-мекеніндегі №2 музыка мектебінде 154 бала флейта, аккордеон, фортепьяно, домбыра, қобыз үйірмесіне қатысады.

Қолдағы дерекке сүйенсек, «бар» деген 55 бизнес субъектісінің жұмыс істеп тұрғаны, жартысына жетпейді. Көптің кәдесіне жарап тұрған, негізінен дүкен: кенттің өз басында — 4, Весоваяда — 12, Крестовскийде — 3 дүкен, Перевалкада — 1. Сосын 3 ЖШС және 3 шаруа қожалығы тіркелген.

«Шаруа қожалығы» демекші, жұртта қалған жұртшылықтың өзі едәуір мал мен құс ұстайды. Ауылшаруашылық кітабындағы мәліметке қарағанда, 206 ірі қара, 178 қой-ешкі, 17 жылқы, 38 шошқа, 123 құс бар. Бірақ, соларды бағу жағы босаңсып кеткені байқалады. Өйткені, көше кезіп жүрген малды өз көзімізбен көрдік.

Қоныс аудару қарастырылған өңірде 2-3-4 қабатты 150 тұрғын үй бар. Бірақ, оның қаңырап бос тұрғаны басым. Кейбіреуінің бірнеше пәтерінде ғана адам тұрады. 35 тұрғын үй «СәтТазалық» мекемесінің №5 тұрғын-коммуналдық цехына қарайды, қалғаны ешқандай кондоминиумға кірмейді. Тұрғын үйді күтіп ұстаудың деңгейі қандай екені осыдан-ақ көрініп тұр.

Кент пен оған іргелес бірнеше елді-мекен жылуды ОңтүстікБатыс қазандығынан алады. Ағымдағы жылу беру маусымына әзірлік барысында 1890 метр жылу желісі, 350 метр су құбыры, 19 тиек ауыстырылды. Амал не, жартылай көшірілген тұрғын үйдегі қараусыз қалған пәтердің салдарынан ішкі жылу құбыры жиі жарылады.

Қатты тұрмыстық қалдықты тасымалдау тізгіні — «СәтТазалық» мекемесінде. 40 жерге 120 контейнер қойылған.

Таяуда Жезқазған кентінің әкімі Берік Әбен тұрғындармен есептік кездесу өткізді. Ортаға шыққан он шақты тұрғынның сауалынан жұртта қалған жұртшылықты тұрмыстық түйткіл қатты алаңдататынын аңғардық: «Жамбыл көшесі қашан жарықтандырылады?», «Босаған үйді бұзу керек, әйтпесе, қаңғыбас қаптап кетті», «Автобусты сағаттап күтеміз», «Қоқыс неге уақытылы алынбайды?», «Иесіз ит балаға қауіпті», т.с.с.

Әрине, жауапсыз қалған сауал жоқ. Бірақ, берілген уәде қаншалықты орындалатынын уақыт көрсетеді.

Әлібек ӘБДІРАШ,
«Орталық Қазақстан»

СӘТБАЕВ қаласы.