Жәрмеңке жарылқаған күн

Қарағанды қаласының орталығында «Ауыл береке – 2019» жәрмеңкесі өтеді дегенді естіп, біз де сонда асықтық. Бұл әрине, облыс жұртшылығына жаз бойы тер төгіп жинаған ауылшаруашылық өнімдерін көтерме бағамен сатып, бейнеттерінің зейнетін көруге үлкен мүмкіндік. Барсақ, қарақұрым жұрт қалаған тауарларын сатып алып, көліктеріне тасып жүр. Сауда қызу. Төр жақта музыка ойнап тұр, жергілікті өнер ұжымдары жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда. Жәрмеңкеде облыс аумағындағы 9 аудан, 80 ауылшаруашылық кәсіпкері және 50-ге жуық жеке кәсіпкер 144 түрлі тауар ұсынды.

Бұл – биылғы бірінші облыстық ауыл шаруашылық жәрмеңкесі. Мұнда өз өнімдерін әкеліп сату үшін алдын ала өтініш беріледі. Қабылданған өтініш бойынша, аудандық әкімдік бекіткен тізімге сәйкес сатушылар келіп тағайындалған орында тұрып тауарларын емін-еркін сата береді. Тұрған орнына ақы төлемейді, тек, тазалықты сақтаса, таразыдан қақпаса болғаны…

Кейбір зейнеткерлер «бауырсақ-шоу ұйымдастырылмапты, тегін тамақ неге таратылмайды. Бұл облыс орталығындағы биылғы алғашқы жәрмеңке ғой» деп наздарын айтып жатты.

Жәрмеңкені түгел аралап шығып байқағанымыз, мұндағы өнімдердің құны супермаркет пен базардың нарықтық бағасынан шамамен 20%-ға төмен. Сиыр етінің бір келісі жәрмеңкеде 1400 теңге болса, қазы – 2200, қарта – 1800, қарын – 500 теңге, қой етін 1300 теңгеге алуға болады. Жылқы еті 1800 теңгеден сатылды. Ал, тұтас тауықты 700 теңгеге табуға болады.

Үүлкен жылқының етін әкелдік. Қазірдің өзінде жартысы өтіп кетті. 12 қосқазының бәрі сатылды. Енді осы шамалы ет пен қарта және қарын қалды. Баға көңілге қонымды, ел жаппай алып жатыр, көңіл-күйіміз тамаша, – дейді Қарқаралы ауданы, Жамбыл совхозынан келген Гүлнәр Сәрсенбаева.

Ал, Абай ауданы, Көксу селосынан келген «Асқар» шаруашылығының иесі Құнар Ақбұзауова 10 қой сойып әкелген. Оларды айналдырған 1-2 сағаттың ішінде саудалап үлгерген. Тауарын әп-сәтте өткізіп үлгерген келіншек көршісінің қымызын сатуға да қолғабыс жасады. Саудасы жүріп, көңілі көтерілген олар келесі жолы да келуге ниетті.

Ал, енді мұндағы барлық қара жұмысты істейтін арбакештер. Қап-қап жүкті артып алып, бұрқыратып тасып, елдің алғысын алып жүрген білекті жігіттерді де әңгімеге тарттық. Өйткені, оларсыз сатып алушы мен сатушының жағдайы мүшкіл…

Біз салықты «Шығыс» базарына аптасына төлейміз. Мұнда кішкентай арбадағылар такси жалдап келсе, үлкендері ертерек шығып жаяу келе салады, жақын ғой. 5-6 мың теңге табамыз. Етің тірі болса, одан да көбірек табуға болады. Негізгі жұмыс түске дейін ғана болғандықтан, таңмен ерте келіп кірісеміз. Мұнда тәжірибелі арбакештер келеді, көбіне… Арба итеру де оңай емес, омыртқаға зақым келеді. Жәрмеңкенің бізге тиімді тұсы базардағыдай жалдаушының қоңырауын ұзақ күтпейсің және «арба керек пе?» деп ешкімнен сұрамайсың. Осындай жәрмеңкелер көбірек болса екен, – дейді Сәбит Дүйсенқұлов.

Ет пен көкөніс сатып алып жатқан әр адам жоқ дегенде сүт немесе құрт алып қайтып жатыр. Жұмыртқаның жөні бір бөлек.

Бірінші санатты жұмыртқаның он данасы – 220 теңге, бір литр үй сүтін де осы бағамен сатып алуға болады. Сары май – 2000 теңге болса, қымыздың литрі – 700 теңге, ал, құрттың 1 келісі – 1500 теңге, қақталған құрт – 1800 теңге.

100 келіге жуық ірімшік пен сорпаға салатын тұзқұрт, сүзбе әкелдік. Ірімшік – 1100 теңгеден болса, сүзбе мен тұзқұртты – 600 теңгеден 2-3 сағаттың ішінде сатып үлгердік. Келесі жолы орын ұсынса, тағы да келеміз. Жұрттың көңіл-күйі өте жақсы. Тамаша ұйымдастырылған екен. Ұсынған бағамызға алып жатыр, – дейді Шет ауданы Батық ауылынан келген Таңшолпан Кәртаева.

Ал енді күнделікті ас-ауқатқа көп пайдаланылатын көкөністерден картоп – 60 теңге болса, сәбіз – 55 теңгеден, қырыққабатты 70 теңгеге алуға болады. Жәрмеңкеге барлығы 550 тонна өнім әкелінсе, оның 52 тоннасы – ет, 300 тоннадан астамы көкөніс және тағы басқа өнімдер.

Біз жәрмеңкені толық аралап шықтық. Халық риза, өздеріңіз көріп тұрсыздар. Жалпы жәрмеңкелер сатушылар мен тұтынушыларға өте тиімді. Фермерлерге делдалсыз сатуға ыңғайлы, өйткені, олар арзандатылған бағамен көбірек сата алады. Ал, сатып алушыларға азық-түлікті супермаркеттер мен базарларға қарағанда арзанырақ сатып алу мүмкіндігі бар, – дейді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Серік Шайдаров.

Жәрмеңкедегі ең көп сатылған тауар ет болды. Қала тұрғындары етті молынан сатып алып жатты. Көкөністерді жұрт қабымен алып жатса да, кейбір сатушылардың айтуынша, картоп аз сатылыпты. Себебі, елдің көбінде саяжай бар, сондықтан, ол ешкімге таңсық емес екен.

1400-ден сиыр етін кім береді? Дүкендерде оның бір келісі шамамен 2000 теңге. Отбасымыз үлкен болмаса да, жәрмеңкеден қысқа ет сатып алдым. Сапалы етті төмен бағамен таңдап алу үшін арнайы Майқұдықтан таңертең ерте келдім, дейді зейнеткер Валентина Натковская.

Жәрмеңкеде ұсынылған тауарлар тек азық-түліктермен ғана шектеліп қалған жоқ. Жаңа ауланған тірі балықтарды да жұрт таласа алып жатты.

Шортан, табан балық, жайын, сазан және тағы басқа балық түрлерін сатып жатырмыз. Орташа бағасы 350 теңге мен 800 теңге аралығында. Жаңаарқаға 30 шақырым жердегі Ақтас су қоймасынан 500 келіге жуық балық әкелдік. Шамалы ғана қалды. Біздің балық шаруашылығымыз Қазақстанда алғашқылардан болып 14 жыл бұрын ашылған. Ұсталған балықты тазалаудан бастап жеуге дайын болғанға дейінгі қызметтерді атқаратын барлық тиісті цехтарымыз бар. Біз туралы кезінде деректі фильм де түсірген, – дейді «ЖК Тайтөлеуов» тауар-көл шаруашылығы иесі Серік Тайтөлеуов.

Сонымен қатар, «Жан Дос» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің өкілдері мұнда өздері өндіретін төсек жабдықтарын да ұсынды. Екі орындық кереуетке мақта матасынан жасалған төсек жиынтығын 7500 теңгеге сатып алуға болады. Ал 1,5 орындық төсекке арналған жиынтықтар 4000 теңгеден бастап сатылды.

Мұнда сондай-ақ, аяқ киім, шұлықтар және қол орамалдар саудаланды. Түрлі дәмді шұжықтар мен балдың да түр-түрі, көз тартатын ыдыс аяқтар мен дәмі тіл үйіретін пісте, жаңғақтар да қызу сатылды.

Биыл Қарағандыда 26 қазан және 9 қарашада тағы екі жәрмеңке өткізу жоспарлануда. Жәрмеңкеге келушілер дән риза және алдағы уақытта тағы келуге ниетті.

Біз осы жақын маңдағы Михайловка ауданынан келіп, біраз нәрсе сатып алдық. Ұйымдастырушыларға үлкен алғыс айтамыз. Бала-шаға баршылық, дүкеннен күнделікті сатып алуға қалта көтермейді. Сондықтан, үй жақын болған соң, жәрмеңкеге келіп, қысқа мол жететін қылып азық-түлікті арзан бағамен алып қоямыз. Өткен жылы аптасына екі рет болған еді, – деп ризашылығын білдірді Нәмихан Мәтмұратова.

Жәлел ШАЛҚАР.