Бас тақырып

Жүрек қорғаны

Дерттен айығу – кез келген науқастың арманы, ал, сол дерттен айықтыру әрбір дәрігердің міндеті болуы тиіс. Осы мақсатта емдеудің тың әдістерін енгізген мекеменің бірі – облыстағы кардиохирургиялық орталық.

Орталықта былтырғы жылдың соңында жүрек фиброляциясы мен аритмиясын емдеудің жаңа тиімді әрі қауіпсіз әдісі – криоабляцияны енгізді. Сұйық азот оксидінің көмегімен жүрекше тіндерін қатыру арқылы жүректің бірқалыпты соғысын бұзатын электрлі импульстардың жолын бөгейді. Дәл осы импульстардың салдары қанның ұюы мен инсульттарға алып келетінін айтады мамандар. Криоаблация бұрын қолданылатын күйдіру әдісінен әлдеқайда тиімді. Бұған дейін қолданылып келген «лабиринт» отасына қарағанда жеңіл әрі жедел екен.

Нұрлан ИГЕМБЕКОВ, хирургиялық аритмология және интервенциялық кардиология бөлімінің меңгерушісі:

Криоаблация 1,5-2 сағат ішінде, жергілікті анестезиямен эндоваскулярлы түрде жасалады. Ота жасау кезінде жүрек қабырғалары аз зақымдалады, яғни, науқастар келесі күні-ақ аяққа тұрып кете алады. Ота нәтижесі криоаблацияның 80 пайызға дейін тиімділігін көрсетті.

Қарағандылық мамандар жаңа әдісті Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың дәрігерлері өткізген шеберлік сағаттарында меңгеріпті. Виктор Сигида – ота алғаш жасалған алты адамның бірі.

Қазір өзімді өте жақсы сезінемін,– дейді автокөлік жөндеу бойынша темір ұстасы. – Бұрын үйден аялдамаға дейін жеткенше жүрегім алқынып, дем жетпей зорға жететінмін. Қазір оның бірі де жоқ. Осы уақыт ішінде бірнеше рет барып тексерілдім. Дәрігерлерге алғысым шексіз. Ота жасарда, «аурудан айығасыз, қорықпаңыз» деп еді, шынымен де солай болды, сөздерінде тұрды.

Облыстық орталық мамандарының өздері одан кейін бес адамға криоабляция жасапты. Ота жеңіл болғанымен оның құны арзан емес, 2 млн. теңгеге жуықтайды. Бірақ, қажет болған жағдайда Қазақстан азаматтары оны тегін ала алады. Себебі, ол кепілдік берілген тегін медициналық көмек аясына кіреді.

Жүрек-қан тамырлары аурулары өлімжітімнің негізгі себебіне айналғалы қашан?

Бұл – бізде ғана емес, әлемге төнген қатер. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүрек фиброляциясының алдағы уақытта, тіпті, артатындығын болжап отыр. Біздің аймақта жыл сайын осы сырқатқа шалдыққан 30 мың адам анықталады. Облыстық орталық мәліметтеріне сүйенсек, биылғы жылы «Д» тіркеуге 204 026 адам алынған. Ал, қан айналымы жүйесі аурулары себебінен көз жұматындар аймақтағы және республикадағы жалпы өлім-жітім көрсеткішінің 36-38 пайызын құрайды екен.

Орталықтың ота жасаудағы мүмкіндігі орасан зор. Өткен жылы оның қабырғасында 6 мыңнан астам ота жасалыпты. 48,6%-ы жедел жасалса, қалған 51,4% науқастарға жоспарлы түрде орындалған. Отадан бөлек дертіне шипа іздеген 5 мыңнан астам адам келіп, жыл сайын ем алады. Бұл ретте кардиологиялық орталықтың емдік-диагностикалық процесте жаңа әдістер мен ғылыми зерттеулерге сүйенетіндігін, заманауи медициналық жабдықтарды қолданатындығын айта кеткен ләзім. Мәселен, жоғарыда сөз еткен криоаблация жасау үшін клиника өз қаражатына жаңа құрылғы сатып алыпты. Бұл әдіс әлемнің 950 орталығында сәтті қолданылып келеді. Қарағандыдағы кардиохирургиялық орталық Астана, Алматы қалаларымен қатар, алғашқы үштікте.

Жансая ОМАРБЕКОВА

Басқа материалдар

Back to top button