«Жүрегіне ән құндақталған»

Жақында Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында жарқырай көрінген жас талант Әділет АЗБАЕВТЫҢ жетекшілігімен Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің «Таяқ ұшындағы әуез» атты концерті өтті.

Шымылдық түрілгені сол еді, Ықыластың «Жезкиігі» жүйткіді, Секен Тұрысбектің «Дарабозы» дүбірледі, Бәкір Тәжібаевтің «Ақбұлағы» сылдыр қақты. Әсем сазға көрермен ықыласы бірден ауды. Ауғаны соншалық, жас дирижер Әділеттің «Батырлар ізімен» атты күйі салтанатты шараны түйіндеп, халық қошеметіне ұзақ бөленді. Таланты қошеметке лайық. Өзі де лайық. Себебі, «іңгәләп» өмірге келген туған жеріне деген махаббатын іңкәр жүрегінен ақтарып салды. Құрмет…

Жас талант – Арқаның бел баласы. Туған жеріне әннен шашу шашып, өнерін паш етпек болған ниеті оңды. Әнге деген құштарлығы Алатауға ала кетіп, талантын ұштап, жігерін жанып, білімін биік етті. Бүгінде Елорда төрінде өнерге сүбелі үлес қосуда. Көптеген байқаулардың жеңімпазы. Солардың бірнешеуін ғана тізе кетейік. Қылқобыздан республикалық Тәттімбет атындағы байқауда I орын, 2012 жылы халықаралық Қорқыт атындағы фестивалде III орын иеленсе, Нұрғиса Тілендиев атындағы «Өз елім» халықаралық фестивалінің «Дирижёрлеу» номинациясы бойынша екі дүркін лауреаты. Шығар шыңы мен жетер жетістіктері әлі алда. Бастысы – ән Әділеттің жүрегіне құндақталған. Оны Арқа төріндегі концертінің зор деңгейде өткенінен аңғардық.

«Біздің бағдарламада көптеген шығармалар бар. Оның ішінде халық күйлерінің орны бөлек. Көрермендер сүйіп тыңдайтын шетел туындыларын да назардан тыс қалдырмадық. Мәселен, Х.Яннидің «Адажиосы», Д.Уильямстың «Викториясы», М.Тналинның «Русские потешкиы», «Шерлок Холмс» фильмінен «Discombobulate» секілді классикалық дүниелерді ұсындық. Біз тыңдармандармен тығыз байланыс орнатқанымызға қуаныштымыз», – дейді Әділет Азбаев.

«Елге белгілі Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптары оркестріне дирижерлік ету – зор жауапкершілік. Өнерде тапқан үлкен бір олжам – осы» деп түйіндеді әңгімесін ән өнерінің жас серкесі Әділет.

Қасымхан ҒАЛЫМ,

«Ortalyq Qazaqstan»