Зерде мен зейін додасы
Қарағандыда тоғызқұмалақтан ерлер және әйелдер арасындағы XVII жекелей ел чемпионаты басталды. Оған елдің түпкір-түпкірінен 200-ге жуық спортшы қатысуда. Ал, бұл бәсекеде облыс атынан 16 спортшы өнер көрсетпек. Жарыстың ашылу салтанатына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Тоғызқұмалақ ойыны Қарағанды өңірінде қарқынды дамып келеді. Тіпті, Халықаралық байқаулардан, Әлем және Азия чемпионатынан топ жарып, ел абыройын асқақтатып жүрген спортшыларымыз да жоқ емес. Бүгінде Аңсаған Қожанәсіп, Асылхан Қожанәсіп, Әділхан Төлегенов сынды спортшылар ел аузында жүр. Чемпионаттың ашылу салтанатына қатысқан Қарағанды облысының ұлттық спорт түрлері қауымдастығының атқарушы директоры Темірхан Абылаев пен облыстық олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің басшысы Дәурен Есімханов қатысып, өңір спортшыларының жетістігін баса айтты. Ал, тоғызқұмалақтан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дәулет Әбдікәрімов:
– Соңғы жылдары Қарағанды өңірі керемет жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Екі жылда тоғыз спорт шебері, Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері шықты. Ел біріншілігінде үнемі осы өңірден келген спортшылар үздік көрсеткіш көрсетеді. Өңірде тоғызқұмалақтың дамып келе жатқанына біз де қуаныштымыз, – деді.
Турнир тоғызқұмалақтың рапид және блиц түрінен өтуде. Облыс атынан сынға түсетін спортшылардың қатарында Ернұр Кәріғұл да бар. Ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп жүрген спортшының жетістігі де аз емес. 2022 жылы Оралда өткен ел чемпионатында бақ сынап, командалық сайыстан ІІІ орын иеленген. 2023 жылы Көкшетауда өткен ел чемпионатында командасымен топ жарды. Былтыр Ақтауда өткен бәсекеде жүлдегерлердің қатарынан көрінді.
– Жыл басталғалы осындай байрақты бәсекеге бірінші қатысуым. Былтырғы көрсеткішім жаман емес. Бірақ, биыл үздік нәтиже қажет. Осы турнирге өткен жылы есе жіберген ақтөбелік, қызылордалық қарсыласым келді. Дайындықты бір ай ерте бастап, жіберген қателіктеріммен жұмыс істедім, – деді Ернұр Саматұлы.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суретті түсірген Александр МАРЧЕНКО