Өзекті мәселе қаралды
Сейсенбі күні Абай қаласында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы төрағасының орынбасары Елена Тарасенко мен облыстың әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия хатшысы Қорлан Бекимованың қатысуымен «Әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді.
Жиында Елена Тарасенко бүгінде басшылық қызметте жүрген әйелдер саны 90-шы жылдармен салыстырғанда біршама өскенін тілге тиек етті.
– Қарағанды облысында гендерлік саясат жоғары дәрежеде жүргізіліп келеді. Мұнда әйел азаматтардың барлық салаларда қызмет жасайтындығы көңіл қуантады. Әйел адам өз ісінің шебері және көшбасшысы болу үшін өзіне деген сенімділікті жоғалтпауы керек. Тек, қызмет бабымен шектелмей, отбасылық өмірді де қатар алып жүрсе, көптеген жетістіктерге жететініне сенімдімін, – деді Елена Тарасенко өз сөзінде.
Кездесу барысында ол өзінің жетістік тарихымен бөлісті. Еңбек жолын мектепте мұғалім болып бастап, қала әкімінің орынбасары лауазымына дейін көтеріледі. Тәуелсіздікке енді қол жеткізіп, аяғынан қаз-қаз тұрған мемлекеттің атқарушы билік аппаратында жұмыс істеу оңай болмаған. Алайда, сол қиын сәтте абыройлы істерге ұйытқы бола білген. Бұдан кейін Мәжілістің үш шақырылымда депутат болды.
Елена Тарасенко әлі де мектептегі шәкірттерімен байланысты үзбеген. Сөз соңында отбасы құндылықтары, әйелдер істері жөнінде жазылған кітапты сыйға тартты.
Семинар барасында аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы Наталья Филипенко келген қонақтарға алғысын білдіріп, әйел адамның қоғамдағы ролі жөнінде кеңінен тоқталды. Абай аудандық «Кәусәр» әйелдер бірлестігінің жетекшісі Оксана Панасиди қауымдастық жұмыстары жөнінде, адам құқықтары құндылықтары жөнінде мағлұмат берді.
Семинар соңында қонақтар ғимарат кіреберісінде ұйымдастырылған көрмемен танысты. Көрмеде биылғы жылы қолға алынған киіз басу жобасының туындылары назарға ұсынылды. Ауданда жоба бойынша бірнеше әйел азамат киіз басу ісін үйреніп, өз қолдарымен бұйымдар жасаған.
Бұдан кейін жұмыс тобы мемлекеттік кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы бойынша ашылған «Апельсин» отбасылық демалыс орталығына барды. Орталық жұмысымен танысып, бүлдіршіндермен әңгімелесті.
Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ.
АБАЙ ауданы.