Жаңалықтар

Зейнетке шығу жасы кемімейді. НЕЛІКТЕН?

Кейінгі уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде зейнетке шығу жасының төмендегені туралы ақпараттар таралуда. Бұл – бұрыннан айтылып келе жатқан ұсыныс, халықтың тілегі десек те болар. Әлбетте, әркімнің де бейнеттің зейнетін ерте көргісі-ақ келеді. Оның үстіне, қазіргі пандемия 65 жастан асқан адамдарды «жалмап» жатқаны өтірік емес. Дегенмен, зейнетке шығу жасы кемімейді. Мамандар қазіргі қолданыстағы заңнама бойынша оның қарастырылмағанын айтады.

Ал, қазіргі заңнамаға сәйкес ер адамдар 63 жасында зейнетке шыға алады. Ал, әйел адамдардың зейнет жасы биыл 60 жас болғанымен, әрі қарай 2027 жылға дейін жарты жылдан қосылып, ол да 63 жасқа жетеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде мәлімдегендей, Қазақстанда үш деңгейлі зейнетақы жүйесі қолданылады:

ынтымақты, базалық және жинақтаушы. Қазір ынтымақты зейнетақы алатындар қатары азайып келеді. Себебі, оны жинақтаушы жүйе енгізілген 1998 жылдың 1-қаңтарына дейін еңбек өтілі болған адамдар ғана ала алады. Одан бері де 23 жыл өтті, зейнетақының ол түрін алушылардың азаюы да – заңды. Қолға алатын зейнетақы мөлшері еңбек өтіліне тікелей байланысты болғандықтан, ынтымақты зейнетақысыз алатын ақша айтарлық кемитіні сөзсіз. Бұл ретте басымдық жинақтаушы, яғни, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражатқа түседі. Былайша айтқанда, зейнетақы аударымы көбейген сайын, зейнетақының да мөлшері артады. Зейнетке шығу жасын төмендетудің орнына, керісінше, жыл сайын арттыру сол себепті қолға алынды. Ол сонау 2014 жылы Қазақстан Республикасындағы зейнетақы жүйесін 2030 жылға дейін модернизациялау концепциясында бекітіліп кеткен.

Ерлер мен әйелдердің де зейнетке шығу жасын 60-қа төмендету туралы мәселені көтеріп, сауал жолдаған Мәжіліс депутаттары да осындай жауап алды.

«Төмендеп жатқан ынтымақты зейнетақы көлемі зейнетақының жинақтаушы түрінен түсетін қаражат арқылы өтелуі керек. Ол үшін міндетті зейнетақы аударымдарын жасап тұру мерзімі де ұлғайуы қажет. Зейнетке ерте шығу қартайғанда жеткілікті зейнетақы төлемдерін алу үшін қажетті зейнетақы жинағын қалыптастыруға мүмкіндік бермейді», – деген болатын Үкімет басшысы Асқар Мамин.

Ал, базалық зейнетақы зейнет жасына жеткен барлық адамға зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54-тен 100%-ы көлемінде тағайындалады және жыл сайын өсіп отырады. Осы базалық, ел арасында «президенттік» аталып кеткен зейнетақы кепілдендірілген минималды зейнетақы ретінде берілетін тұжырымдама әзірленуде. Ол зейнетақы жұмыс өтілі мен айлық мөлшеріне қарамастан берілетін болады. Яғни, жұмыс өтілі 5 жылдан аз адамдар күнкөріс минимумының 70%-ына тең зейнетақы алады. Бұны былтыр бұрынғы министр Біржан Нұрымбетов айтқан еді. Дегенмен, бұл өзгеріс те зейнетке шығу жасын қысқартуды көздемейді.

Бірақ, әйел адамдардың жалпы зейнет жасы артып келе жатқанымен, кейбіреуінің зейнетке ерте шығу жеңілдігі сақталған. Бес және одан да көп баланы 8 жасына дейін тәрбиелеп өсірген әйелдер 53 жасында зейнетке шығуға құқылы. Сондай-ақ, 1949 жылдың 23-тамызынан 1963 жылдың 5-шілдесі аралығында кемі 5 жыл Семей ядролық полигоны аумағында тұрған әйлдер 45 жастан зейнетке шыға алады. Осы санатқа кіретін ер адамдарға 50 жастан бастап зейнетке шығуға рұқсат.

– Қазір ынтымақты зейнетақы алатындар азайып келеді. 53 жаста шығатын әйелдер одан кейін де жұмыс істей берсе болады. Радиация аймағында тұрғандарға біздің Қарқаралы ауданы тұрғындары да жатады. Олардың бір жылы 1,5 жыл болып есептеледі. Дегенмен, олардың қатары да азайып келеді, – дейді Еңбек, әлеуметтік қорғау және көшіқон комитеті Қарағанды облысы бойынша департаментінің №1 зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бас маманы Ләззат Сембек.

Зейнетақы аннуитеті – жинағын ертерек алудың бір жолы. Бірақ, ол жинағы жеткілікті тұлғаларға ғана қолжетімді. Биылғы жылдан бастап оған қатысу жасы төмендетіліп, ер адамдар үшін 55 жастан, әйелдерге 52 жастан бастап төленеді. Өмірі мен денсаулығына қауіпті еңбек орындарындағылар аннуитет төлемін 50 жастан бастап ала алады. Бірақ, ол үшін 40-тағы адамның 7,5 млн. теңге жинағы болуы тиіс. Жұмысы қауіпті болғанымен, еңбекақысы жақсы жұмыскерлер қолдануы мүмкін.

Не десек те, зейнетке ерте шығу мүмкіндігіне ие болғысы келетіндер көп. Мәселен, көпбалалы аналар да, ауыр әрі денсаулығына зиянды өндіріс орындарында жұмыс істейтін кеншілер үшін әр жылдары Мұхтар Тінікеев те сұрап келеді. Әзірге нәтижесіз. – Көпбалалы аналарды зейнетке ерте шығару туралы ұсыныс түсті, – дейді аталған министрліктің Әлеуметтік кодексті әзірлеу бойынша жұмыс тобының мүшесі Ләззат Қожахметова.

– Көпбалалы ана баласы 18 жасқа толған кезде ол мәртебесінен айырылады. Сондықтан, мұндай жеңілдіктің оларға да болғанын қалайды. Ұсыныс жұмыс тобының қарауында. Кодекс жобасы әлі әзірленіп жатыр.

Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелейтін ата-аналар үшін зейнетке шығу жасын төмендету ұсынысы да қарастырылуда. Ол жайлы Мәжілісте азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау туралы заң жобасын таныстырған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов айтқан болатын.

Министрдің айтуынша, зейнетақы жүйесін дамыту тұжырымдамасында барлық ұсыныстар қарастырылатын болады. Бірақ, нақты қашан қарастырылып, қашан әзірленетіні белгісіз. Ал, әзірге, «көп жұмыс істесең, зейнетақың көп болады» деп жүре береміз…

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button