БілімБілім ошақтарында

Үздіктер марапатталды

Облыстың 10 мұғалімі «Үздік педагог» байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанды. Тәуелсіздік күніне орай өткізілген үздік педагогтерді марапаттау рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов қатысып, диплом табыстады.

Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен республикалық «Үздік педагог» байқауы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. 10 жыл аралығында облыстың 25 педагогі үздік атанып, «Білім беру ұйымының үздік педагогі» төсбелгісімен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Күні кеше республикалық «Үздік педагог» байқауында жеңімпаз атанған өңірдің 3 педагогі Қарағанды облысының абыройын асқақтатқан еді. Марапаттау рәсімінде үздіктерге гүл шоқтары табысталды. Байқаудың облыстық кезеңінде білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі, кәсіби шеберлігі мен қызметінің тиімділігі бойынша жоғары ұпай жинаған 10 педагог 61 білім берушінің арасынан суырылып шығып, облыстың үздік педагогі атанды. «Педагог мәртебесі туралы» Заңның 8-бабының 6-тармағына сәйкес, жеңімпаздарға айлық есептік көрсеткіштің 300 еселенген мөлшерінде сыйақы беріледі.

– Үздік атанған педагогтерді жеңісімен құттықтаймын. Өздеріңізге белгілі, соңғы жылдары педагогтерге қолдау көрсетіп, мәртебесін көтеруге мемлекет тарапынан көңіл бөлінуде. Ұстаздардың еңбегі өлшеусіз. Сіздер жеткен жетістікке, көрсеткен нәтижелеріңізге қарап, жас мамандар үлгі алады. Жас ұрпаққа халқымыздың асыл мұрасын ұстаздар арқылы жеткіземіз. Абыройларыңыз асқақтай берсін, – деп тілек білдірген облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов үздік педагогтерге диплом мен сый табыстады.

Сонымен қоса, Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге ерекше үлес қосқаны үшін облыс педагогтеріне ведомстволық наградалар табыс етті. 3 мұғалімге «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі, 3 ардагер ұстазға «Еңбек ардагері» төсбелгісі табысталса, бір мұғалім «Орта білімнің үздігі» дипломымен марапатталды.

Ал, AMANAT партиясының Қарағанды облыстық филиалының атқарушы хатшысы, меценат Бекзат Алтынбеков білім саласына еңбек сіңірген ұстаздар Несіпқайша Жүніс, Ербұлан Рақымжанов, Күлпәш Жанболатоваға 200 мың теңге арнайы ақшалай сыйлық табыс етті.

«2022 жылдың үздік педагогі» атанған Тәттімбет атындағы өнер колледжінде қылқобыздан сабақ беретін ұстаз Жанқаш Жұмабеков шара соңында пікір айтып:

– Мен 1992 жылдан бері Тәттімбет атындағы өнер колледжінде қызмет етіп келемін. Алғаш рет қылқобыз сыныбын аштым. Бүгінгі таңда қазақ өнерін дәріптеп жүрген шәкірттерім республиканың, тіпті, шетел сахнасында өнер көрсетіп жүр. Ұстаздардың еңбегі бағаланып жатқанына өте қуаныштымын. Жүлде алып жатқан әріптестерімнің ешқайсысы осал емес. Жас ұрпаққа білім беріп, тәрбиелеуде ұстаз еңбегі қашанда елеулі болуға тиісті, – деді.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ. 

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button