Жаңалықтар

Үздік әлеуметтік жобалар

   Қоғамдық бірлестіктерге көмек көрсету және халықтың әлеуметтік осал топтарының, оның ішінде өмірлік қиын жағдайға тап болған мүмкіндіктері шектеулі адамдардың өмір сүру деңгейін көтеру мақсатында өткізілетін «Қазақстанда іске асырылатын үздік әлеуметтік жобалар» республикалық көрмесіне Қарағанды облысынан үш жоба ұсынылатын болды.

Әлеуметтік жобаларды қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар, қауымдастықтар жүзеге асыруда. Келіп түскен жобалар облыстық іріктеу комиссияның отырысында қаралып, нәтижесінде «Қайырымдылық үйі», «Қиын жағдайға душар болған әйелдер, балалар және жастарға арналған «Көмек» дағдарыс орталығы» және «Асыл көмек, батыл адамдардан» әлеуметтік жобалары жеңімпаз атанды. Аталмыш жобалар үстіміздегі жылдың 20-шы қыркүйегінде өтетін республикалық көрмеге қатысатын  болады.

Авторы «ЕР.АН.НАТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Ерлан Оспанов болып табылатын, Осакаров ауданынан ұсынылған «қайырымдылық үйі» әлеуметтік жобасы жалғыз тұратын зейнеткерлер мен мүгедектерді Қайырымдылық үйінде тұрғын үймен қамтамасыз ету, сондай-ақ, әлеуметтік қызметтерді ұсыну сынды қызмет түрлерін көрсетеді. Демеушілік қаражат арқылы жоба нәтижесінде 15 адам тұрғын үймен  қамтамасыз етіліп, тұру үшін барлық жағдай жасалған.

«Балқаш қаласының іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Зәуре Әбдікәрімованың авторлығындағы «Қиын жағдайға душар болған әйелдер, балалар және жастарға арналған «Көмек» дағдарыс орталығы әлеуметтік жобасы қиын жағдайға душар болған әйелдерге психологиялық, құқықтық және басқалай көмек көрсетеді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы қаржыланатын жоба нәтижесінде 2459 адамнан өтініш қабылданып, тиісті көмектер көрсетілген.

Ал, «Мүгедектерді оңалту орталығы Логос-Қарағанды» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлия Сүлейменованың авторлығындағы «Асыл көмек, батыл адамдардан» әлеуметтік жобасы мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың ата-аналарын қоғамдық өмірге белсенді түрде тең қатысуға тартуды мақсат еткен. Демеушілік қаражат арқылы жоба нәтижесінде ай сайын жиырмаға тарта бала ай сайын ем қабылдау мүмкіндігіне ие болып отыр.

Айта кетейік, үздік әлеуметтік жобалар көрмесі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұйымдастыруымен 2013 жылдан бастап өткізіліп келеді.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button