Өзбек – көп, жұмыс – жоқ

Өзбекстан елінің Жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрінің бірінші орынбасары Эркин Мухитдинов пен қарағандылық кәсіпкерлер арасында еңбек миграциясы мәселесі талқыға түсті. Жергілікті кәсіпкерлердің айтуынша, бүгінде көптеген компанияларда, өнеркәсіптерде жұмыс күші – жеткіліксіз. «Бұл проблеманың шешімі – шетелдік азаматтарды жалдау» дейді олар. Осы орайда еңбек көші-қонының өркениетке сай реттелуі тиістігін баса атап отыр. Өйткені, көрші өзбек елінен ағылатын жұмыс күшінің бей-берекет, жүйесіз екені шындық.

Бұл кездесуде «Альфарух» ЖШС өкілі Павел Ильченко ынтымақтастыққа мүдделі екенін жеткізді. Бұл, бірінші кезекте, көкөніс, жеміс-жидек тасымалына қатысты. Қарағандыда ауқымды «Альфарух» ЖШС логистикалық орталығы бары аян. Ауданы – 21 гектар. Мұнда азықтүлік сақтауға арналған қоймалар бар. Әмбебап мұздатқыш камералар азықты сақтауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, оның қуаты бір мезгілде 12 мың тонна өнімді сақтай алады. Жоба аймақта азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тауарларға бағаны төмендетуге ықпал етеді. Аталған жобаның нәтижесінде жаңа жұмыс орындары, электронды сауда алаңы пайда болды.

«Қазақстанның 78 компаниясы жұмысқа орналастыру жөнінде Өзбекстанмен келісімге қол қойған. 2020 жылдың күрделі өткендігіне қарамастан Қарағандыда кәсіпкерліктің қарқыны бәсеңдемеді. Қазіргі уақытта облыста 90 мың шағын және орта бизнес субъектісі бар. Бұл сегменттің жыл сайынғы өсімі 10 пайыз шамасында. Облыстағы орта және шағын бизнес 1 трлн. теңге табыс келтіріп отыр. Қарағандыда бизнеске мемлекеттен қолдау көрсетіліп, қолайлы жағдай жасалады», – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов.

Эркин Мухитдинов Өзбекстанда жұмыс күшінің көптігін мәлімдеді. Ол оны жер аумағының аз, есесіне, халық санының көптігімен байланыстырады.

«Өзбекстан азаматтарына квота аз осы күні. Біздің елде жұмысшылар көп екені, өздеріңізге мәлім. Мемлекетіміздің аумағы Қазақстанға қарағанда кіші, бірақ халық саны бірнеше есе артық. Оқу орындарын жыл сайын мамандар көптеп шығады. Сондықтан, елде еңбек көші-қонына қажеттілік туындайды. Сол себепті, Өзбекстанның жұмыс күшіне ынталы кәсіпкерлеріңізбен ынтымақтастық біз үшін өте маңызды. Біздің елімізде Президенттің бағдарламасы бар. Сол бағдарлама арқылы азаматтарға жұмысқа заңды орналасуға көмек беріледі. Елден шығуға, жұмысқа орналасуға қолдау жасайды. Өзбекстан мен Қазақстан арасында еңбек келісімі бар. Бұл келісім – еліміздің тұрғындарына жұмысқа орналасуға көмек», – деді Өзбекстан Республикасы Жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрінің бірінші орынбасары Эркин Мухитдинов.

Қызғалдақ АЙТЖАН.