Жаңалықтар

Замандастар қауышты

    Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Елбасының бірге оқыған курстастары мен замандастары сарандықтармен кездесті. Жиынға Теміртау қаласының Құрметті азаматы Қуаныш ОМАШЕВ, Ермек ТӨЛЕУБАЕВ, Тоқтархан ЫСҚАҚОВ, Алтынбек АСАНОВ, Виктор НИКОНОВ және «Қарағанды еврей мәдени орталығы» төрағасы Вилен МОЛОТОВ – ЛУЧАНСКИЙ, Тәуелсіздік құрдастары шақырылды. Кездесу Саран қаласының әкімі Анатолий ШКАРУПАНЫҢ құттықтау сөзімен ашылды.

2012 жылы 1 желтоқсанда Қазақстанда алғаш рет – Тұңғыш Президент күні аталып, бұл баршамыз үшін қуанышты, оқиға болып тарихқа енді. Елбасына деген ел құрметін айрықша айғақтауға арналған бұл мерекенің дәстүрлі іс-шараға айналуға орны бар екенін нық сеніммен айта аламыз. Биыл, міне, тағы да осы мерекені атап өтудеміз. Біздің Тәуелсіз Қазақстан Республикамыздың тарихындағы барлық жетістіктері, қазақ халқының егеменді заманда өрлеуі, өркендеуі, рухани-экономикалық еркіндігіміз, әлемдік қоғамдастық пен дүние жүзінің дамыған отыз озық мемлекеттерімен тереземіз тең, дәулетті елдермен бірдей қарым-қатынас жасауымыздың алтын бастауы – біздің мемлекеттің егемендігінде екені анық. Мемлекеттік тәуелсіздігімізді жария еткен алғашқы сәттен бастап, бүгінгі дейін көрген жақсылығымыз, дербес Қазақстан мемлекетінің қуаттануы мен абаттануы, ең алдымен, Елбасының еңбегімен және көрегендігімен тікелей байланысты. Сарабдал Көшбасшы қалың елді кемеңгерлікпен бастай білді, – деді А.Шкарупа.

Бұдан кейін әкім сөз кезегін Теміртау қаласының Құрметті азаматы, Елбасының серігі Қуаныш Омашевқа ұсынды. Ардагерлер Тұңғыш Президентiмiздiң студенттiк өмiрi, алғашқы еңбек жолдары, өмiрдегi алға қойған мақсаттары мен жеткен жетiстiктерi туралы әңгіме өрбітті.

Бізбен бірге алғашқы еңбек жолын Теміртау қаласындағы «Қазметаллургқұрылыс» тресінің жұмысшысы болып бастаған Нұрсұлтан Әбіш­ұлының маңдайына Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің Тұңғыш Президенті болу бақыты жазылыпты. Бүгінгі мерекеленудің маңызы – жоғары. Ел тағдыры үшін барын салып жүрген Елбасымыз, Қазақстанға жасаған қызметін бір ғана кездесуде айтып жеткізу мүмкін емес. Дегенмен, бір қатарына тоқталып өтсек. ҚР ұлттық рәміздерін бекітіп, елдігіміздің тағы бір шегесін нықтады. Ұлттық валютамыз теңгені айналымға шығарып, алға тағы қарышты қадам жасады. Одан бөлек, елдің дамуы барысында дүние жүзіндегі көптеген елдерде жүрген қандастарымызды өз Отанына оралуына мүмкіндік жасады. Бұл Ұлы көш арқылы қазақ бауырларымыздың табаны туған топырағына тиді. Елбасының жастарға деген қамқорлығы ерекше. Ол ел болашағы жастардың қолында екендігін үнемі айтып отырады. Осы орайда, Президентіміздің жеке тапсырмасымен «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асырылып, жыл сайын қаншама қазақ жастары әлемдегі ең атақты оқу орындарында білім алды. Сонымен қатар, Отанымыздың Елордасы Астананың уығын қадап, бүкіл әлемге бас қаламызды мойындата алғаны шежірелі тарих. Астананы көшіру жайлы ақылдасқанда мен сөзбұйдаға салып, кері пікір білдіргенмін. Кейін өзімнің осы жерде қателескендігімді ұқтым. Жас күнінен алға қойған мақсатын орындамай қоймайтын талапшылдығын аңғаратынбыз. Сол тұлға болып қалыптасудағы басты ұстанымы Елдің өркендеуіне үлес қосқандығын мақтанышпен сөз етуге болады, – деді Қуаныш Омашев.

Кезекті сөз тізгінін алған замандастар өте қызықты да әсерлi ойларымен бөлiстi. Президент Нұрсұлтан Назарбаев араға жылдар салып, студенттiк кезiндегi достарымен кездесiп, жастық шағын еске алып, осы күнге дейiн жақсы қарым-қатынаста екендiгi, сонымен бірге, мемлекет басшысының қоғамдағы орасан ролі туралы жан-жақты жұртшылыққа баяндады. «Қарағанды Еврей мәдение орталығы» төрағасы Вилен Молотов-Лучанский, қалалық «Жасұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы басшысы Айдын Олжас Тұңғыш Президент күнін атап өту арқылы біз жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, елін сүйіп, адал азамат болуға үйрететіндігін тілге тиек етті. Және Елбасы әр сөзінде берекелі бірлігімізді, дархан достығымызды берік сақтауға үндейтіндігін, бүгінгі әр жетістігімізде Елбасының айшықты қолтаңбасы тұрғандығын тұщымды айтып өтті.

Тәуелсіздік құрдастары да сауалдарын жолдап, толымды жауап алды. Тәуелсіздік құрдастары – Бақытбек Ақпаров, Александра Сурначева кездесуде ерекше әсер алғандықтарын айтты. Саран қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақытбек Ақпаров тәуелсіздіктің құрдасы болғандығын және сол тәуелсіз елді басқарған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын мақтаныш сезіммен жеткізді.

ҚР Тұңғыш Президенті күнінің қарсаңында жетістікке жеткен оқушыларды «Жасұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымына қабылдау рәсімі өткізілді. Өнерпаздар ән салып, мың бұрала би биледі. Салтанатты шара соңында шақырылған меймандарға Саран қаласының әкімі Анатолий Шкарупа сый-сияпат жасады.

Нұрдос КӘРІМ

Саран қаласы.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button