Ресми

Заң талабы күшейеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды. Құжатта экстремистік немесе террористік ұйымға қатысы барлар мен педофилдерге ел аумағына кіруге тыйым салынған.

Сурет qaz-media.kz

Заңда қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі, тергеу изоляторларындағы және уақытша ұстау изоляторларындағы бейнебақылау жүйелерін бүлдіргені үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленген. Сонымен қатар, Үкімет айқындаған өңірлерге қоныс аударатын адамдар үшін шаруа немесе фермер қожалығына жер учаскелерін беру көзделген. Сондай-ақ, қоныс аударушыларға және олардың отбасы мүшелеріне мемлекеттік қолдау ретінде көшуге субсидия, тұрғын үй жалдау, коммуналдық қызмет төлемдерінің шығындарына өтемақы, сондай-ақ экономикалық мобильділік сертификаттары секілді материалдық көмек көрсету қарас­тырылған.

Қазақстан азаматтығын беруден және қалпына келтіруден бас тарту үшін кәмелетке толмағандарға жыныстық қатынас сипатындағы қылмыстар жасау, қарапайым деңгейде мемлекеттік тілді білмеу, Қазақстан Конституциясының негіздерінен, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайтын деңгейде төл тарихымыздан хабардар болмау секілді қосымша негіздер қарастырылған.

Аталған заңда Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу құқығын беретін инвесторларға арналған көпреттік виза және сұранысқа ие кәсіп иелері үшін виза енгізілген.

Тағы бір айта кететіні, құжат экстремистік немесе террорис­тік ұйымға қатысы бар, қайтадан қылмыс жасаған, ұйымдасқан топтың (қылмыстық ұйымның) «серкесі» саналатын, кәмелетке толмағандарды жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу сипатындағы қылмыстар жасаған, сондай-ақ Қазақстанда ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған және халықаралық шарттар негізінде өз азаматтығы бар елге берілген адамдардың елімізге кіруіне тыйым салады.

Сонымен қатар Заңда халықтың көші-қонына қатысты заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған басқа да түзетулер бар.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button