Заңсыздықтың алдын алу — басты міндет

Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс пен тұрмыстағы жүріс-тұрыстарының стандарттарын реттеу мақсатында мемлекеттік тәртіпті нығайту бойынша елеулі өзгерістер орын алғандығы мәлім. Біріншіден, Әдеп жөніндегі кеңестердің жұмыс бағыты кәсіби мемлекеттік аппарат құруға бағдар алып, басты міндеті ретінде мемлекеттік қызметшілер арасында орын алатын бұзушылықтарды болдырмау және алдын алу мақсаты алға қойылды.

Бүгінгі күні Қарағанды облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің құрамы жұмыс тәжірибесі мол он бір тұлғадан құралған. Өзіне жүктелген міндеттерді орындау барысында Агенттіктің алқалы органы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдауды талқыға салу, мемлекеттік органдар басшыларының заңнама талаптарының бұзылуын алдын алу бойынша жүргізген жұмыс қорытындыларын тыңдау, Әдеп жөніндегі уәкілдер қызметі нәтижелерін бағалау және мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының жұмысын реттеу бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу жұмысын белсенді жүргізуде.

Алқалы органмен жүргізіліп жатқан алдын алу жұмыстары бойынша жұмыстың тиімділігі облыс көлемі бойынша мемлекеттік қызметшілермен бұзушылық жасау көрсеткішіне тікелей қатысты.

Бұл ретте, соңғы жылдары тіркелген  бұзушылықтардың саны едәуір азайғандығы байқалады. Мәселен, 2015 жылы 12 отырыс қорытындысы бойынша 33 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылса, 2016 жылы аталған көрсеткіш елеулі қысқарып, 24 мемлекеттік қызметшіні құрады.

Өз кезегінде, 2017 жылы заңнама талаптарын бұзуға жол беріп, тәртіптік жауапкершілікке тартылғандардың саны, тек, 19 тұлғаны ғана құрады.

Көрсетілген көрсеткіштерге қол жеткізіп, бұзушылықтар санының азайғандығы тиімді ұсыныстар әзірлеп, мемлекеттік қызметшілерге дер кезінде бағыт-бағдар беру нәтижесінде орын алып отыр.

Екіншіден, бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілерге қойылатын негізгі талап-қызметтік әдепті сақтаумен байланысты екендігін ескеріп, мемлекеттік қызметтің дәрежесін көтеруге үлес қосу үшін қарқынды жұмыс жүргізілуде.

Атап айтқанда, нақты шешімдер қабылданып, мемлекеттік орган басшыларына жүйелі ұсынымдар енгізілу арқылы өзгерістерге және мемлекеттік қызметтің жаңа моделін құруға серпін берілуде.

Әдеп кодексімен белгіленген талаптарға қарайтын болсақ, халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайту, мемлекеттік қызметте өзара қа рым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыру негізгі бағдар ретінде қойылған.

Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан айрықша сенім білдіру болғандықтан, мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру аясында қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшілерде лайықты жеке құзіреттердің болуына және олардың моральдық-этикалық бейнесіне үлкен көңіл бөлінуде.

Бұл бағыттағы жұмыстарды іске асыруда Әдеп жөніндегі кеңестің алатын орны ерекше екендігі белгілі.

Биыл Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің жұмысы жандандырылып, мүшелермен кеңес отырыстарында шешімдер қабылдаудан өзге, мемлекеттік қызметшілер тарапынан бұзушылықтардың алдын алу бойынша дербес шаралар қабылдануда.

Бұл бастама енгізілген уақыттан бері Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерімен шалғайда орналасқан мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілерімен кездесіп, тәжірибе бөлісіп, жергілікті жерлердегі мемлекеттік қызметтің тынысымен танысу тәжірибесі үлкен қарқынмен жүргізілуде.

Әрине, бұл бастаманың болашағы зор. Себебі, облыс көлемі бойынша жергілікті жерлердегі мемлекеттік қызметшілердің жағдайын тану, тиімді және уақытылы ұсынымдар әзірлеуге жол ашады. Бұл Әдеп жөніндегі кеңес институтына және мемлекеттік аппаратқа деген сенімді нығайтудың дербес жолдарының бірі деп бағалаймын.

Мемлекеттік қызметшілер тарапынан әдеп нормалары бұзушылығының алдын алуда Әдеп жөніндегі уәкіл институтының рөлін де атап өткен жөн.

Қазіргі уақытта облыс көлемінде 45 Әдеп жөніндегі уәкіл қызмет етеді. Оның ішінде, облыс әкімдігінде Әдеп жөніндегі уәкілдің дербес лауазымы енгізілсе, қала, аудан әкімдіктерінде және орталық атқарушы органдардың облыстық бөлімшелерінде әдеп жөніндегі уәкіл функциялары ұжымда беделге ие болған, адал әрі әділ мемлекеттік қызметшілерге жүктелген.

Болашақ уақыттың көрінісі ретінде кәсіби мемлекеттік аппарат құруда Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің және әдеп жөніндегі уәкілдердің елеулі үлесін көремін.

Қазіргі таңда мемлекетіміздің алдында әлемдегі 30 дамыған елдің қатарына кіру жөніндегі мақсатқа қол жеткізу міндеті тұр. Әрине, мұндай міндетке жету үшін мемлекеттік қызметші білімді, білікті, жан-жақты ғана болмай, сонымен қатар, әдепті, отаншыл және сыбайлас жемқорлыққа қарсы болуы қажет. Қазақтың ұлы ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлының жақсы сөзі бар. «Сөзіңді түзе, әдетіңе айналады, әдетің – мінезіңе айналады, мінезің – сенің тағдырың». Олай болса, Әдеп жөніндегі кеңестің мемлекеттік қызметшілерге көрсетілген қасиеттерді дарытуға және олардың сана-сезімін өзгертуге бағытталған жұмыстары әрі қарай жалғасын таба бермек.

Жандос СӘРСЕНОВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және

сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің

 Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы,

Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы.