Баспасөз мәслихаты

Заңсыздық та бассыздық та бар

Мемлекеттік қызмет туралы заңнама талаптарының орындалысын бақылау мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы топ әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің арасында мониторинг өткізді. Оны өткізудің басты себебі, кейінгі уақытта талаптардың сақталмауы. Мәселен, 2020 жылдың соңынан 2021 жылдың басына дейін 4 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталған. Бұл туралы Аntikor ortalyǵy сервистік орталығында өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.

Заңнама талаптары көп жағдайда жұмысқа орналасу кезінде бұзылады. Бірі – тест тапсырмай жұмысқа орналасса, бірі – медицина ұйымының мөрі жоқ анықтама тапсырған. Мысалы, Қазыбек би атындағы аудан бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында тест тапсырмай жұмысқа орналасу жағдайы орын алған. Бұл Мемлекеттік қызмет персоналын басқару ұлттық орталығында мәліметтер ашық көрсетілетініне қарамастан болған жағдай. Әрине, бұл жағдайда лауазымды тұлғалардың ықпал еткені анық.

Көрсетілген фактілер қызметкерді тағайындау кезінде мемлекеттік органдардың, сондай-ақ персоналды басқару қызметтерінің басшылығы тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығын көрсетеді, – дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Асхат Оразхан.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптық мониторингтің қорытындысы бойынша осындай тәуекелдерді болдырмау үшін департамент мемлекеттік органдар үшін тиісті ұсынымдар да әзірлеген.

Мониторингтен бөлек, департамент мамандары жол картасының орындалысын да бақылайды. Жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, өткен жылы Қарағанды облысында 62 миллиард теңгенің 622 жобасы жүзеге асырылып, 16 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Жұмыстардың дені жолдарды күрделі жөндеу және қала аумағын абаттандыру.

Алайда, жол картасы бойынша жұмысқа орналастыру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелі өте жоғары екені анықталған. Мәселен, жолдама алғандардың жұмыс берушіде жұмыс істемейтіні, сондайақ, жұмысшы санатына қағаз жүзінде ғана тіркеп қою жағдайлары бар.

Мониторинг топтың жүргізген ауызша сауаланамасына қатысқандар ішінде тұрақты жұмыстары бола тұра, қағаз жүзінде халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа жіберілген деп көрсетілген. Жол картасы бойынша жұмыс жасамаған шаруа қожалықтары да жұмыскер талап етушілер ретінде көрсетілген.

Осыған байланысты, брифинг нәтижесі бойынша департамент мамандары жол картасы аясында жұмысқа орналастыру үшін кезеңкезеңімен ашық және тексерілетін тетікті енгізу мүмкіндігін қарастыру қажет дейді.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button