Жаңалықтар

Заңғар

Мирас АСАН,
«Орталық Қазақстан»

                Қазақтың батыр Тоқтары Алашқа Азаттықты Алладан сұрап, осыдан тура 25 жыл бұрын көк жүзін шарлағанда 45 жаста екен. Енді біз ойланайық. Әрине, ең бірінші алдымыздан Абай әлемі менмұндалайды  (абайтанушы Досым Омаровтың «Адамнан» «кәміл инсанға» ұмтылу эволюциясы есімізге түседі).
Адам дегеніміз кім? Ғалым Ғұзыхан Ақпанбектің әбжадтық есебі бойынша  «Адам» саны – 45. Адам санының қырық бес болуын данышпан Абай  қара сөзінде меңзеп, 45-пен шектеуі – сол. Біздің бүгінгі мақсатымыз да – Тоқтар ағамыздың Адам-Азамат, яғни, кемел дәрежесінде Ғарышқа ұшқанын айту.

Ертең – Алаштың табаны Айға, төбесі көкке тигеніне 25 жыл! Бір күннен кейін жеті қат көкке қазақтың қарыштап бара жатқанын тамашалаймын деп Адамзаттың қалпағы жерге түсіп кеткеніне  ширек ғасыр толады!
Тоқтар Әубәкіров  ғарышқа ұшқан кез. Бір жігіт түнімен «тойлап», ертесі ауырып, үйдің артында құсып жатса, күйініп кеткен келіншегі күрсініп:
«Елдің байы Айды айналып ұшып жүр,
Біздің байымыз үйді айналып құсып жүр», – дейтін ел аузында қызық әңгіме бар. Қалжыңның астарында қымыранға мас болған жігіттің емес, зымыранды құрықтаған ердің сойының көзсіз батырлығы айтылады!
Сондай-ақ, қайбір жылдары Тоқтар ағамыз депутаттыққа Қызылордадан түспекші болып жатқан шақта, Сырдың бір азаматы шығып: «Тоқтар неге депутаттыққа өзінің туған жерінен түспейді?»,– деп кейістік танытса керек. Сонда қызылордалық белгілі жырау Алмас Алматов Тоқтар ағамыздың сөзін сөйлеп: «Әй, не деп тұрсың? Тоқсаныншы жылдары аз қазақтың тағдыры қылдың үстінде, Тәуелсіздігіміз тәлтіректеп тұрғанда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осы Тоқтарды шақырып алып «Қазақтың намысын арқалап ұшасың!» деп, астына от қойып, ғарышқа жөнелткен болатын. Сол кезде неғып «Мына бүкіл Қызылорда даласы, шеті Байқоңыр – менің жерім! Бұл жерден мен ұшамын!»,– деп суырылып сен неге шықпадың? Шықсаң, қайда қалдың? Я болмаса, осы Тоқтар «Байқоңыр менің туған жер емес, мен туған жер – Қарқаралы! Кеңістікке сол топырақтан көтерілемін деп пе еді?!»,– деп Тоқтар ағамыздың депутаттыққа түсуін емес, ғарышқа ұшуын әдемі әсерлейтіні бар.
Бала қиялында кілеммен ұшқан қазақ батырлары мен ақындарының асқақ арманында елдік мұрат бірінші тұрары анық. Кемел ойын кеңістікпен ұштастыру – қазақы қағида. Ер Махамбеттердің «Темірқазық жастанбай, Қу толағай бастанбай, Ерлердің ісі бітер ме?!» дейтіні содан! Немесе, «Аспанда жұлдыз аралап, Ай нұрын ұстап мінсе де, қызыққа тоймас адамзат!» деген Бұқар жыраудың сөзін бұған дейін де бірнеше рет айттық.
Тоқтар ағамыздың иығындағы алтын жұлдызы мен биігіндегі жарқын жұлдызы мәңгі шағылыса көңіл көкжиегіне нұр ойната бергей!
Сайыпқыран сардар Тоқтардың ұшы-қиыры жоқ шексіз кеңістікке жасаған ұлы жорығының сәтті жеңісі барша қазаққа дүбірлі мереке!
Ширек ғасырдағы сирек құбылыс – қазақ ғарышы һәм Тоқтар Оңғарбайұлы!
Қыран Қазақ!

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button