Жаңалықтар

«Қызымның атын Гауһар қойдым»

Ресми деректер Чернобыль апатын залалсыздандыруға 1986-1992 жылдарда қатысқандар саны 600 мыңнан асқан дейді. Олардың арасында 31 743 қазақстандық тіркелген. Жарылыс аумағында әскери міндетін өтеген отандастарымызды қоссақ – апатты залалсыздандыруға қатысқан қазақстандықтардың ұзын-ырғасы 40 мыңға жуық деген болжам бар. Бұл сандардың шындыққа жанасатындығына күмәніміз жоқ. 1986 жылдың тамыз айының өзінде Жезқазғаннан 250 азамат Чернобыльге аттанды. Мұны сол әскери шақырылымның қатарында болып, Украинаның Чернобыль қаласындағы атом-электр стансасының төртінші блогына дәнекерлеуші болып жұмысқа тартылған балқаштық Айтмұхамбет БАШАРОВ әңгіме барысында тілге тиек еті.

– Мен Чернобыльге барғанда небары 26 жаста едім. Жұбайыммен Дархан, Дидар есімді қос балапанымды тәрбиелеп, мамыражай өмір сүріп жатқан кезіміз. Әскеи бөлімнен шақырту алып, сол кездегі облыс орталығы Жезқазғанға бардық. Чернобыльге баратынымызды сол жерде айтты. Қорқыныш, үрей бар бойда. Шегінерге жер жоқ, тамыз айында шақырылған Жезқазғаннан 250 адам, Қарағанды мен Шымкент қалаларынан 150 сарбаз қосылып, апат болған аймаққа 4 тәулікте жеттік. Чернобыль ауданына 30 шақырым жерде орналасқан Орал әскери округіне түстім. 2 күннен кейін жарылған 4 блоктағы реактор аумағына алып кетті. Онда қасымдағы сарбаз екеуіміз күніне кезектесіп, 45 минуттан оңтүстік аумағында дәнекерлеу жұмысын атқардық. Алғашында қорғасын киіммен жұмыс жасадық. Бірақ, киім ауыр және дәнекерлеу жұмысына өте ыңғайсыз болды. Сондықтан, брезент киіп, оны күн сайын лақтырып тек жаңа киімдермен ауыстырып отырдық. Апат болған аумақта 2 ай, 15 күн еңбек еттім, – дейді Айтмұхамбет Башаров.

Айтмұхамбет Діндібайұлының айтуынша, 4 блокта адасып кетіп, залалсыздандыруға қатысушы екі жігіттің біреуі – 12, біреуі – 8 рентген сәуле алған. Мамандардың сөзіне сүйенсек, 25 рентген сәулесін алған адам – соғыс жағдайындағы мөлшермен тең. Ал, 50 рентген сәулесі адам сүйегін қуратып жіберетін көрінеді.

– Чернобыльден оралған соң қызым дүниге келді. Ендігі өміріміз гауhардай жарқырасын деп, қызымның атын Гау-hар қойдым, – дейді Айтмұхамбет Башаров.

Бүгінде көзі тірі 34 чернобыльдік жауынгер Балқашта тұрады. Чернобыль ардагерлері Ұлы отан соғысы ардагерлеріне теңестіріліп, жеңілдіктер алады. Жәрдемақы да төленеді. Десек те, «Чернобыль қатысушыларына көрсетілетін қамқорлық Кеңес кезіндегідей емес» дейді ардагерлер.

Нұрдос КӘРІМ,

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button