Басты тақырыпЖаңалықтар

ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН Қос ел білдірді

   Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары Улугбек РОЗУКУЛОВ «ЭКСПО – 2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің құрылыс алаңында болып, «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан ЕСІМОВПЕН кездесті. Бұл туралы көрменің сайтынан мәлім болды.

Улугбек Розукулов бастаған делегация өкілдері осы айдың аяғында халықаралық қатысушы мемлекеттерге ұсынылатын халықаралық павильондарды аралап шықты. Бүгінгі таңда 105 мемлекет пен 17 халықаралық ұйым көрмеге қатысатындығын ресми растады.

«Құрылыстың ауқымы мен сапасы таң қалдырады. Қазірдің өзінде көрменің шын мәнінде сәтті өтетіндігіне күмән жоқ. Өз тарапымыздан, «ЭКСПО – 2017» аясында Самарқан мен Бұхараға арнайы туристік турларды ұйымдастыруға дайынбыз», – деді Улугбек Розукулов.

Сондай-ақ, Көрме Ұйымдастырушысының Кеңсесінде «Астана-ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов пен Аустрия Ұлттық павильонының комиссары Рихард Шенцтің кездесуі өтті.

Ахметжан Есімов осы айда павильондарды қатысушыларға тарату басталатындығын, сондай-ақ делегация мүшелері үшін апартаменттер қазан айының соңында әзір болатындығын айтты.

«Аустрия осы Көрмеде өзін ұсыну мүмкіндігіне ие болғаны үшін қуанышты. Біздің еліміз «Болашақ энергиясы» тақырыбында әлемдік ли­дерлердің бірі болып табылады деп санаймын. Бүгінгі күні баламалы көздерден біз энергияның 25 пайызын тұтынамыз», – деп атап өтті Рихард Шенц.

Ұлттық павильон жұмысы шеңберінде Аустрия экономикалық және туристік байланыстарды дамыту үшін В2В форматында кездесу өткізуді жоспарлауда. Соның ішінде, олар екі жақты экономикалық форум ұйымдастыруға ниет білдіріп, үлкен мәдени бағдарлама әзірлеуде.

Сондай-ақ, кездесу барысында аустриялық тарап өте қызықты деп мойындалған өз павильонының тұжырымдамасын ұсынды. Бұдан басқа, Комиссар «Үздік тәжірибелер аймағы» контентіне үш аустриялық компанияның әзірлемелері кіргендігін, бұл ел үшін үлкен мақтаныш болып табылатындығын атап өтті.

Қыркүйектің ортасында басты тақырыптық павильондардың бірінде ұсынылатын энергия саласындағы үздік әлемдік тәжірибелер бойынша байқау аяқталды. Құрамында Нобель сыйлығының лауреаттары бар халықаралық комиссия «Үздік тәжірибелер аймағы» үшін 20-дан астам жобаны іріктеді.

Қазіргі таңда шетелдік туристер үшін Қазақстанның барлық өңірін қамтитын 73 маршрут әзірленген. Келесі жылы «ЭКСПО – 2017» көрмесіне 5 миллионнан астам адам келеді деген болжам бар.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button