Қытай Қарағандыға инвестиция құяды
«Қазақстан-Қытай» индустриалды-инвестициялық ынтымақтастық бағдарламасы» аясында атқарылатын жұмыстар өз нәтижесін бере бастады. Жақында, Қарағанды облысына Қытай инвесторлары 7 жобаға инвестиция құюға әзір екендігі бегілі болды. Бұл жөнінде Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының жобаларды жолдау бөлімінің басшысы Жанаргүл Құлмағанбетованың айтуынша, 22 қазанда Қытай инвесторларының өкілдеріне индустрияландырудың картасындағы тіркелген 7 жоба таныстырылмақшы. Ірі жобалардың ішінде «Қазақстан Инвест Көмір» АҚ ұсынған «Арнайы кокс өндірісі мен электр және жылу энергиясын шығару бойынша кешен құру» жобасына қазіргі уақытта инвесторлар келісім-шарт жасауға дайын. Барлық компаниялар халықаралық кеңестің шешімінен кейін әр жобаға бөлінетін қаржының сомасы белгілі болмақ. Жылдың аяғына дейін инвестициялық 30 жобаны республикалық кәсіпкерлер палатасының сайтына орналастырмақшы. Порталға тіркелетін жобаларға қойылатын талап құны – 10 млн. теңгеден кем болмауы керек. Оның себебін Ж.Құлмағанбетова – 10 млн. теңгеге дейін жобаларға мемлекеттік бағдарламалар қолдау көрсететіндігімен байланыстырады.
Жобаларды ашық түрде қорғау жағы да қарастырылған. Аймағымызда алдағы кезеңдерде ықпалды 15 жобаның жұмысы мақұлданса, бірнеше жұмыс орындары ашылады деген үміт бар. Бір айта кетері, бүгінгі күнде Ресей, Белорус, Қытай мемлекеттерінен бөлек қазақстандық жобалар Еуропа елдерінің инвесторларының қызығушылығын да арттырып отыр.
Нұрдос КӘРІМ