Көкейкесті

Ыстық сусыз жаз, қашан келеді газ?

«Жаз шықса Қарағандыда ыстық су неге тоқтайды?». «Газ тарту жұмыстарының жайы қалай?». «Газ тарифі қанша болады?». Бұл – журналистердің облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай ҮСЕНОВКЕ онлайн кездесуде қойған сұрақтары. Басқарма басшысы сауалдарға нақты дәлелдермен жауап берді.

– Қарағандыда соңғы бес жылда мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жылу магистралін жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұған дейін Гоголь, Абай, Чкалов көшелерінде, Республика, Құрылысшылар даңғылдарында ескірген жылу жүйесі жаңартылды. Екі жыл бұрын үшінші жылу өткізу жобасы басталды. Жоспар бойынша жөнделетін құбырлардың ұзындығы 20 шақырымды қамтиды, 3 насос станциясы салынбақ. Бұл жобаның құны – 22 млрд. теңге. 2021 жылы осы жобаға республикалық бюджеттен 8 млрд. теңге бөлінді. Оның 3 млрд. теңгесі түсті. Қалған 5 млрд. теңгені күтіп отырмыз. Міне, осы жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыс кезенінде, жылы суды тоқтатып қоюға тура келеді. Ескірген жылу жүйесі толық жаңартылғанда ғана жыл бойы ыстық су берілетін болады, – дейді Ұлантай Төлеутайұлы.

Журналистерді газ мәселесі де қызықтырды. Өйткені, бұл да үлкен жоба. Басқарма басшысы бүгінге дейін атқарылған жұмыстар туралы айтты, сонымен қатар, болашақ жоспарға тоқталды.

– Өткен жылы пандемияға байланысты, республикалық бюджеттен бөлінген қаржы берілмей, Қарағанды қаласын газбен қамту жұмысы тоқтап қалды. Ал, қаржысыз нысандарды салу еш мүмкін емес. 2020 жылы бұл жобаны аяқтауға 900 млн. теңге жетпей қалды. Биылғы жылы бұл қаржы республикалық бюджеттен қарастырылып отыр. Қарағанды қаласында маусым айының аяғында алғашқы газ беру жұмысын бастаймыз деген жоспарымыз бар. Қазір газ беру үшін қарқынды жұмыс жүргізіп жатырмыз. Михайловкадағы әр үйге газ шүмегі келіп тұр. Қарағандыда 3 мың тұрғын үйге газ тартылады. Жақында газ құбырын тексеру жұмыстарын жүргіздік. Осы уақытта әлеуметтік желілерде құбырдан газ шығып жатыр деген хабар тараған. Бұл – жалған ақпарат. Біз бұл құбырларды тексергенде ауа жібердік. Осы ауаны көрген жұрт газ шығып жатыр деп таратқан. Ауа жіберу арқылы құбырда «ақау бар ма, жоқ па?» соны тексердік. Ал, газ жіберетін кезде халықты құлақтандырамыз, – деді Ұлантай Үсенов.

Жалпы облыстағы газбен қамту жұмыстары қалай жүруде деген сұраққа: «Қарағанды облысында газдандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Өткен жылы Жезқазғанда, Талап ауылында алғашқы іске қосу кешені аяқталды. Жақында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалы бастаған жұмыс тобы құжаттарды қарап, ескертулермен танысты. Теміртауда алғашқы іске қосу кешені де аяқталды, онда ескертулер жоқ, құжаттар да зерделенді. Сонымен қатар, үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша Қарағанды облысы үшін тариф бекітіледі. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ біздің өңір үшін бірыңғай тариф жасағысы келеді және ол Нұр-Сұлтаннан жоғары болмайды деп үміттенеміз, ал онда ҚҚС-мен 1 текше метр үшін 34,6 теңге есептеледі», – деді Ұлантай Үсенов.

Бұдан басқа, Теміртау мен Жезқазғанда да биыл газ құбырларын жүргізу бой жұмыстары жалғасуда. Өңірде барлық тұтынушыларды газға қосу үшін техникалық мүмкіндіктер бар екендігі айтылды. «Облыста көмір тұтынуды айтарлықтай қысқарту болмайды: жалпы облыс жылыту маусымында шамамен 13 миллион тонна көмір тұтынады. Өңірге газ жеткізуге келетін болсақ, іске қосу кешендері толық күшіне енген кезде, жалпы көлемі шамамен 1,4 миллиард текше метр газды құрайтын болады. Сондай-ақ, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС өнеркәсіптік кәсіпорындарын газға көшіру үшін техникалық мүмкіндіктер бар. Бұл есептеулерге – Қарағанды, Жезқазған, Теміртау, Қаражал қалалары, Жаңаарқа, Шет, Абай, Бұқар жырау, Осакаров аудандары кіреді. Жобалық-сметалық құжаттама үш қала – Қарағанды, Теміртау және Жезқазған бойынша әзірленді. Осакаров, Жаңаарқа аудандарындағы кенттер, Шахтинск және оған жақын орналасқан елді мекендер үшін жобалар әзірленді», – деп түсіндірді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы.

Қарағандыны газдандыру жобасында барлығы 16 іске қосу кешені бар. Газ тарату желілерінің жалпы ұзындығы 1,1 мың шақырымды құрауы тиіс. Оларды салу құны 64 млрд. теңгеге бағаланады. Барлық жұмыстарды аяқтаудың соңғы мерзімі 2026 жылға белгіленген.

Жиын соңында Ұлантай Үсенов басқарма халықпен жұмыс істеуді ашық жүргізетінін жеткізді. «Кез келген сұраққа жауап береміз», деді ол.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button