Қыстың қамы талқыланды
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста жекеменшік тұтынушыларға арналған көмір бағасына қатысты мәселе талқыланды. Аймақ басшысы Ерлан Қошанов көмір өндіруші компаниялардың жетекшілерінен мәселенің мән-жайын сұрады. Ол өзінің орынбасарларына қара отынның бағасы қалай құралатынын егжей-тегжейлі анықтауды тапсырды.
Халыққа қажетті көмірдің тапшылығына қатысты проблема бар, – деп көтерді мәселені Қаражал қаласының әкімі Тілектес Досаев. – «Жалын» халыққа қажетті көмірді шығармайды. Ал «Шұбаркөл» бағаны тоннасына 8500 теңгеге дейін көтеріп жіберді. «КамАЗ» жүргізушілері көмір алу үшін екі-үш тәулік бойы кезекте тұрады.
Облыс әкімі бұл мәселеге байланысты «Шұбаркөл көмір» АҚ өкілінен жауап сұрады.
Біз көмірімізді келісімшарт жасасқан мекемелерге бір тоннасын 4502 теңгеден, қосымша салық құнынсыз сатамыз. 8500 теңге – ол делдал сатушылар болар. Оны жергілікті жерде шешу керек. Біз келісімшарты бар тұтынушыларға сатамыз, – деп түсіндірді сату бөлімінің бастығы Инна Горяинова.
Қаражал қаласының әкімі қарапайым тұрғындар үшін бір тоннасына 4502 теңге қолжетімсіз болғанын айтты. Ондай келісімшарттар, тек, ірі кәсіпорындармен жасалған. Бұл мәселеде нақты нүкте қойылған жоқ.
Ерлан Қошанов басқа да көмір өнеркәсіптерінің өкілдерімен әңгімелесті. Берілген жауаптарға сүйенсек, баға 3000 теңгеден 8000 теңгеге дейін жетеді.
Аймақ басшысы орынбасарларына қысқа мерзімде қатты отынның бағасын қалыптастыруға байланысты мәселені шешуді тапсырды.
1 қазаннан бастап Қарағанды облысында жаңа жылыту маусымы басталады. Қысқа дайындық жағдайы осы жиналыста талқыланды. Теміртаудағы ЖЭО-2 және Жезқазғандық ЖЭО жөндеу кампаниясы жіті бақылауда қалып отыр. Аймақ басшысы Ерлан Қошанов көмір қоры туралы есепті тыңдаған соң, артық жазылған сандарға наразылығын білдірді.
Жылыту маусымына дайындық бойынша жөндеу кампаниясының аяқталуына бір демалыс қалды, – деп мәлімдеді Қарағанды облысының энергетика және ТКШ басқармасының жетекшісі Қайрат Бегімов. – Қысқа дайындық 95%-ды құрайды. 39 қазандықтардың 26-сы, 19 турбинаның 13-і жөнделді. 8 қазандық пен 4 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Басқаларының жөндеу мерзімдері әлі жеткен жоқ. Жоспардан екі нысан қалып барады – теміртаулық ЖЭО-2 және жезқазғандық ЖОЭ.
Жезқазғанда қазан айының басына қарай бір қазандық жөнделіп үлгермейді. Қала әкімі Батырлан Ахметовтің айтуынша, оған себеп – мамандар мен материалдардың тапшылығы. Қазандықты ол 15 қазанға дейін жөндеп бітіруге уәде беруде. Қала басшысы жылыту маусымы уақтылы басталатынына сендіріп отыр – тұрақты жылумен қамту үшін төрт қазандық қажет болса, оларда бес қазандық дайын.
Ерлан Қошанов бұл жауапқа қанағаттанбады. Өзінің орынбасарларына наразылығын білдірді.
Аймақ басшысы бұл мәселені түбегейлі зерттеп, оған қатысты жоспардан тыс жиналыс өткізіп, шешімін табуды тапсырды.
Қауіпті аймақта Теміртау қалып отыр. Сондықтан, ЖЭО-2 дайындау мәселесі әлі де қатаң бақылауда.
Есептік мәліметтерге сүйенсек, облыстағы әлеуметтік нысандарды қамтамасыз ететін көмір қорының көлемі 180 мың тоннаны құрап отыр.
Ерлан Қошанов көрсеткіштерді қосып жазу деректеріне назар аударды.
– Жаңаарқада менің тапсырмам бойынша арнайы жұмыс тобы келтірілген мәліметтердің жалған екенін анықтады. Неге олай? – деді аймақ басшысы. – Жаз бойы маған «барлығы жақсы» деп есеп берілді. Ауданда бұл жағдайға қатысы барлардың барлығын жазалаңыздар. Ол жаққа есеп дайындауға барғандарды да. Олар барлығы қосылып, мені алдап, жалған ақпарат берген. Әкімнің орынбасарын, ол жаққа барған топтың жетекшісін – барлығына шара қолданыңыздар. Бегімовке қатысты мәселені әлі қарастырамыз.
Есеп бойынша 13 қыркүйекте көмір қоры 6600 тонна көлемінде бар деп көрсетілген, ал іс жүзінде небары 2800 тонна ғана болған. Жаңаарқа ауданының үш мектебіне көмір тіптен жеткізілмеген. Тағы 20 білім ордалары да толық көлемде қамтамасыз етілмеген. Шамамен 33% ғана. Сондай-ақ, көмірді Қарқаралы ауданының мектептері де толығымен алмаған.
Облысымыздың барлық емханалары мен ауруханалары жылыту маусымына дайын. Қажетті көмір қорының 94%-ы бар. Апта соңына дейін толығымен қамтамасыз етіледі.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.