Қыстан қысылмас үшін
Қарағандыда қысқа дайындық жер қарайғаннан басталып, жылу жүйесі берілгенге дейін толассыз жалғасады. Қысы ұзақ, жазы қысқа Қарағанды үшін бұл қалыпты жағдай. Арқаның аязды қысында қысылып қалмас үшін жылу беру маусымына әзірлік жергілікті әкімдіктің жіті бақылауында болатыны сондықтан. Тіпті, қазір апта сайын пысықталып, кем-кетігі түгенделу үстінде. Ала жаздай жөндеу көрген қазандықтар мен жылу электр орталықтарының құрал-жабдықтары санаулы күнен кейін іске қосылады. Әдеттегідей қазанның алғашқы күндері жылу тұрғын үйлерге жіберіле бастайды. Осыған байланысты облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қала, аудандардың жылу беруге дайындығын пысықтаған кеңес өткізді.
Ресми өкілдердің мәлімдеуінше, аймақтың қысқа дайындығы кестеге сай. Жоғарыда атап өткеніміздей, жылу көздеріне жөндеу жұмыстарымен қатар, көмір мен мазут қоры толықтырылып жатыр екен.
Әр қаланың әзірлігі туралы Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің аумақтық департаментінің басшысы Ернар Хасенов түсініктеме берді.
«Kazakhmys Еnergy» компаниясының бас директоры Темірлан Өтегенов Топар ГРЭС және Балқаш ЖЭО жөндеу жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, Топар мен Топар ГРЭС Абайды жылумен қамтамасыз ету үшін 5-6 қазандық қажет. Күл үйінділеріне қатысты жұмыс жалғасуда.
– №5, 11 қазандықтарды күрделі жөндеу, № 1, 2, 6 қазандықтарды ағымдағы жөндеу аяқталды. Қазіргі уақытта 9-шы қазандыққа күрделі жөндеу және 8-ші қазандыққа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. № 7 турбинаны жөндеу және № 3 турбинаны жаңғырту жалғасуда. Біз жылыту маусымына 100% дайын боламыз, – деді ол. Ал, Балқаш ЖЭО-да барлық жұмыстар аяқталды. Тек № 6 турбинада 15 күннен кейін жөндеу аяқталады.
Теміртауды жылумен жабдықтау екі станцияға – ҚарГРЭС-1 және ЖЭО-2 байланысты.
ҚарГРЭС-1 туралы аймақ басшысына оның директоры Сергей Кривов баяндады.
– Қоймада 50 мың тонна көмір, 80 тонна мазут бар. Қазан айынан бастап, әлеуметтік мазут сатып алынады, – деді Сергей Кривов.
Атқарылған жұмыстар туралы ЖЭО-2 директоры Виталий Шульжик хабарлады. Мұнда № 1 қазандықты жөндеу тек 15 желтоқсанда аяқталады. № 4 турбогенератор роторына жоспардан тыс апаттық жөндеу жүргізілуде. № 7 қазандықты бастапқы толтыру жоспарлануда. Шатырдағы апаттық плиталарды ауыстыру қажет. Отын қоры бар.
Ермағанбет Бөлекпаев Теміртау әкіміне, тиісті басқармаларға ҚарГРЭС-1 және ЖЭО-2 бақылауға алуды тапсырды. Тұрақты мониторинг пен апта сайынғы тексерулер қажеттігін ескертті.
Қарағанды ЖЭО-1 және ЖЭО-3-те көмір қоры жеткілікті. Кестеге сай қазандықтар мен турбиналарда жөндеу жұмыстары жалғасуда.
– Үшінші жылу шығаруда жұмыс екі кезеңге бөлінді. Бірінші кезеңдегі жұмыс орындалысы 98% құрайды. Екінші кезеңдегі жұмыс – 97 %. Қысым жүргізілді, ескертулер жоқ. Жылыту маусымына дайын боламыз, – деп сендірді «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС бас директоры Флюр Гарипов.
Шахтинск ЖЭО облыс әкімінің тұрақты бақылауында. Мұнда турбиналарды жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бірінші қазандықта гидравликалық сынақтар аяқталды. Келесі аптада мердігер төртінші қазандықта қысым жүргізіле бастайды.
Станцияда көмір қоры да бар. Шахандағы қазандық жылу мен желілер 100 % дайын.
Өңірдің барлық қалалары мен аудандарында жылумен жабдықтау желілерінде гидравликалық сынақтар жалғасуда. Анықталған ақаулар жедел жойылады.
Ернар Хасенов заңнамадағы жаңа өзгерістер туралы да еске салды. 9 қыркүйектен бастап дайындық құжатын алмағаны үшін айыппұл 6 млн теңгені, отынның нормативтік емес қорларын сақтамағаны үшін айыппұл – 4 млн теңге көлемінде. Тікелей станция басшылығына жылыту маусымы кезеңінде техникалық пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 2-3 млн теңге айыппұл салынады.
– Акционерлер мен станция басшылары жауапкершілікті сезінуі керек. Әкімшілік жауапкершіліктен басқа моральдық және қылмыстық жауапкершіліктер де бар. Әркім өз жұмысына тиянақты болуы шарт. Қыста қысылмауымыз керек, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz