Қырда еңбек қызған шақ

      Абай ауданы – аграрлы аймақ. Қазір ауданның әр ауылында астық бастырылып, егіс даласында еңбек қыз-қыз қайнауда. Шаруалар жаз бойы төгілген маңдай тердің жемісін шашпай-төкпей, мол өнім алуға үмітті. 

Биылғы көктемде аудан бойынша 41654,7 гектар жерге дән себілді. Оның ішінде, 25449,2 гектар жерге дәнді-дақылдар, 4205 гектарға картоп, 820,5 гектар жерге көкөніс, 6687,5 гектар жерге көпжылдық шөптер, 4008 гектарға біржылдық шөптер және тағы басқалары егілді.

Өткен жылмен салыстырғанда биыл дәнді-дақылдар егілген жер көлемі артып отыр. Былтыр 37984 гектар жерге ауыл шаруашылығы өнімдері егілсе, биыл бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 109,7 пайызды құрады. Шаруалар  жем-шөптік дақылдарды дайындау жұмыстарын өздері жүргізеді. Бүгінде 2179 тонна шөп жиналған.

Орақ науқаны санаулы күндерден соң аяқталады. Орта есеппен комбайндар күніне 300 гектар алқапты оруда. Бүгінгі таңда 12541 гектар жер орылды. Жалпы түсім – 11397 тонна. Орташа түсім гектарына 9,1 центнерді құрайды.

Дәнді-дақылдарды, көкөністерді сақтайтын қоймалардың дайындығы да сақадай сай. Ауданымызда жалпы сыйымдылығы 63200 тонна болатын 29 көкөніс сақтау қоймасы жұмыс істеп тұр.

Биыл «Шанс» шаруа қожалығы сыйымдылығы 10 мың тонна болатын қосымша картоп сақтау қоймасын іске қосуды жоспарлауда. Сондай-ақ, Қарағанды селолық округында 3 мың тоннаға арналған картоп сақтау қоймасының құрылысы басталды.

Айта кету керек, аудан бойынша 22 астық қоймасы бар. Олардың жалпы сыйымдылығы 17350 тоннаны құрайды. «Астра Агро LTD» ЖШС-де қосымша 3 мың тонналық екі қойма қолданысқа беріледі. Қыстың қамын жаз ойлаған диқандардың ендігі басты мақсаты – қамбаны толтыру. Ауа райы тосыннан өзгермесе, шаруалар белгіленген мерзім ішінде астықтарын шашау шығармай жинай алады.

Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ.

АБАЙ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.