Бас тақырып

Қыран қазақ

XX ғасыр. Қайғылы да мұңлы, қаһарлы да айбарлы замана халықтан не сан ерлерді шығарды. Олардың қатарында Амангелді мен Кейкі, Шәкәрім мен Мағжан, Сәкен мен Бейімбет, Ілияс пен Қасым, Сәбит пен Ғабит, Жамбыл мен Дина, Қаныш пен Мұхтар, Әлия мен Мәншүк, Бауыржан мен Мәлік сияқты неше сан саңлақтар бар. Әрқайсысы мың сан қолға татырлық сайыпқырандар.

 

Халқымыздың ақылгөй данасы Мұхтар Әуезов: «Ер – ел тарихының белі дейміз. Ол өзі тірісінде бір танылады. Өзі өткен соң кейінгі ұрпақ қадірін біліп, қасиетін таныған сайын тағы танылады… Бір кезде бел көрінсе, келер ұрпақ тарихына: өз тұсында көрсетіп кеткен көмегімен, орнатып кеткен туымен, тастап кеткен үлгісімен, нұсқап кеткен бетімен енді бел ғана емес, биік тұғыр боп, асқар тау болып көрінеді».

Осындай өзгеше жанның бірі, халқымыздың қаһарман ұлы – Талғат Бигелдинов. Талғат Жақыпбекұлы (05.08.1922 ж.т) – Ақмола облысы, Ақмола ауданы, Майбұлақ ауылында шаруа отбасында туған. Балалық және жастық шағын Фрунзе қаласында өткізіп, 16 жасында аэроклубта оқыды. Чкалов әскери авиация училищесін бітірді (1942). 1943 жылдың қаңтарынан 144-гвардиялық шабуылшы авиация полкінің құрамында Калинин, Воронеж, Далалық, 1 және 2-Украин майданында шайқасты.

Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің ұшқыштарымыз майданның алғашқы сағатынан-ақ ұрысқа кіріскені белгілі. Ерлік пен қаһармандықтың теңдесі жоқ үлгісін көрсеткендердің алдыңғы шебінде ұшқыштар жүрді. Жалпы, бұл соғыста жаужүрек 2420 ұшқыш Кеңес Одағының Батыры атанған. Әуе ұрыстарында дұшпанның 59 ұшағын құлатқан А.Покрышкин мен 63 жау ұшағын жер қаптырған И.Кожедуб үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алған бірден-бір аспан көкжалдары еді. Даңқты ұшқыштардың қатарында біздің жерлестеріміз де аз болған жоқ. Тарихи ақпаратқа сүйенсек, қазақстандық 500-дей солдат пен офицер, оның ішінде 101 қазақ Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атаққа ие болыпты. Солардың қатарында мұндай айрықша атақты екі рет алған ұшқыштар Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Иван Павлов және Леонид Беда, бір мәрте ие болған Нүркен Әбдіров пен Михайл Янко, араға ұзақ жылдар салып ұлы ерлігі мойындалған Бақтыораз Бейсекбаев пен Хиуаз Доспанова бар.

Қазақ ұшқышы аспандағы айқастарда шабуылдаушы ұшақпен адам айтса сенгісіз ерліктің неше түрін жасайды. Соның бірінде 1943 жылдың 7 наурызында «Ил-2» шабуыл ұшағымен жаудың Еуропа аспанында 108 ұшақты жойған «Мессершмитт – Ме-109 » жойғыш ұшағын атып түсіреді. Командирлер «Жойғыш ұшақтарға кездесе қалған күнде жер бауырлай ұшып, құтылудың қамын қарастырыңдар, соғысушы болмаңдар», дейді екен. Сержант Бигелдиновтің бұл ерлігі бұрын-соңды кездеспеген оқиға ретінде әлемдік авиация тарихына енді. Анау-мынау емес, неміс авиациясының нағыз ас, көкжалын атып түсірген. Майор шеніндегі фашист өзін жауынгерлік тапсырмасымен жеті-ақ рет ұшқан сержант атып түсірді дегенге иланбай қойыпты (Айбын. Энциклопедия. Ал.,2011.194 б).

Соғыстың соңғы айларында оның штурмовиктері Одер мен Нидтегі ұрыстарға және жау ордасын талқандауға қатысты. Ұлы Отан соғысында қатардағы ұшқыштан барлаушы-авиаэскадрилья командирі дәрежесіне дейінгі майдан жолынан өтті. Жауға қарсы 305 дүркін ұшып шықты. Львов операциясы кезінде ғана Бигельдиновтің эскадрильясы жаудың бір ұшағын, 27 танкісін, 42 автокөлігін және 12 зеңбірегін жойып жіберген. Тіпті, Кроно операциясы кезінде полк тұрған жерден алысқа ұшып, таулы жердің ауыр жағдайында 170 рет жауынгерлік тапсырмаға шығып, ешбір шығынсыз оралып отырған. Одақтастар авиациясынан Берлин үстіне алғаш ұшып барған да Бигелдиновтің ұшағы еді.

     КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы 1944 жылы 26 қазанда және екінші рет 1945 жылдың 27 маусымында берілді. Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет алған 65 Кеңестік ұшқыштың алғашқыларының бірі болды. Т.Бигелдинов 1950 жылы Әскери-Әуе күштерінің академиясын бітіріп, авиация полкі командирінің орынбасары және штаб бастығы болды. 1956 жылы денсаулығына байланысты отставкаға шықты. 1957-1973 жылдары Қазақстан азаматтық авиациясы басқармасында басшылық қызметтер атқарды. 1973-1978 жылдары «Қазақболатмонтаж» тресі бастығының орынбасары болған кезінде Лисаковск кен байқау комбинатын, Жамбыл суперфосфат зауытын, Алматыдағы республикалық ұлттық кітапхана, Мемлекеттік цирк ғимаратын, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Шымкент, Қарағанды әуежайларындағы ұшу-қону алаңдарын салуға басшылық жасады. 2-3 сайланған КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты, «305 рейдов» (1966), «Илы атакуют» (1966), «Аспандағы айқас» (1967) атты жорық жолдарын баяндайтын естеліктердің авторы. Ленин ордені, 2-рет Қызыл Ту ордені, 1 және 2 дәрежелі Отан соғысы ордендері, Александр Невский орденімен марапатталған.

Қазақтар – кеңпейіл, ақжарқын, ержүрек, батыр халық. Жауынгерлерім тек қазақтардан құрылса, мен әрқашан риза болар едім (Генерал-полковник П.Л.Романенко, «Қазақ елі» 8 бет).

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ, тарихшы.

Басқа материалдар

Back to top button