Ынтымақты елге ырыс қонады
«Ынтымағы жарасқан елге ырыс қонатынын, бірлігі елдің дұрыс болатынын» паш етуді мақсат тұтқан, жерімізді мекендеген түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері кеше мәслихат құрды. «Достық үйінде» өткен дөңгелек үстелдің басында бүгінгі бейбіт өмір мен келісімнің бұдан әрі нығая түсуіне бар күш-жігерлерін жұмсайтынын жария еткен отандастар ойларын ортаға салды. Тұрақтылықты ту еткен елді мақтан тұтатындықтарын, Мемлекет басшысының ұсынып отырған жаңғыру саясатынан қалыс қалмайтындықтарын мәлімдеді. «Бірлігі бекем ел мықты!» деп аталған шараға аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ арнайы қатысып, Бірлік мерекесі алдында жиналған жұртшылыққа риясыз ықыласын білдірді.
Аймақ басшысы қатысушыларды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлы ХХV сессиясынан кейінгі бұл басқосудың тарихи маңызына тоқталды.
Ерлан ҚОШАНОВ, облыс әкімі:
– Президент біздің қоғамның даму кезеңдерін айқындап берді. Елбасы жүйелі жаңғыру туралы айтты. Ол – үшеу. Яғни, экономикалық жаңғыру, саяси жаңғыру, рухани жаңғыру. Мемлекет басшысы айтқандай, осындай «жүйелі жаңғыру біздің бүкіл жұмыстарымыздың өзегіне айналды». Яғни, жаңғырудың негізі де, түп тамыры да – тұрақтылық, бірлік, келісім. Ассамблеядан кейін, қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның алғашқы отырысына қатыстық.Біз де өзіміз – облыста, барлығымыз бірігіп, осы орайда кешенді әрі жүйелі жұмысқа кіріссек деймін.
Сонымен қатар, облыс әкімі ұлттық мәдени бірлестіктердің келісімді, ұлтаралық татулықты нығайтудағы игі істерін де назардан тыс қалдырмады. Шараның да атауы соған негізделген. Бірлігі мықты елдің, рухы да күшті боларын тілге тиек етті. Осы жылдар аралығында еліміз ынтымаққа айрандай ұйыды. Бұл істе Қазақстан халқы Ассамблеясының үлесі зор. Елбасының бағдарламалық мақаласы Ассамблеяның рухани жаңғыруына да жол ашпақ.
Бұдан соң бірқатар ұлттық-мәдени бірлестік өкілдері, кеше Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына аймақ делегациясының құрамында қатысқандар ойларын ортаға салды. Өзара пікір алмасып, сессияның тың серпін, зор қуат бергенін атап өтті. Сессияда Мемлекет басшысының сөзінен ойларына шуақ алған қауым алдағы уақытта ел бірлігін арттыруға аянып қалмайтындықтарын айтты.
Сөз алғандардың қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, ғылыми-сараптау тобының жетекшісі В.Молотов, Жезқазған қаласы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, білім меценаты Б.Алтынбеков, “Арселор Миттал Теміртау” АҚ конвертор цехының жұмысшысы Д.Захаров, демократиялық күштер коалициясының мүшесі М.Ақәділова, “ЭКСПО&Women” халықаралық қоғамдық ұйымы Қарағанды филиалының жетекшісі А.Сахарова және тағы да басқа ұлттық бірлестік өкілдері, спортшылар, өндірісте еңбек етіп жүргендер бар. Өңірлердегі түрлі ұлт өкілдерінен құралған көркемөнерпаздар тікелей байланысқа шықты. Лебіздерін жеткізіп, оның соңын әнмен, күймен өрді.
Шараға қатысқан түрік қызы Расул Азами өзін «қазақпын!» деп, жастарды елді құрметтеп, оның тарихын білуге шақырды. Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын!» поэмасынан үзінді оқып беруі көпшіліктің жүрегіне жол тапты.
Азами РАСУЛ, шараға қатысушы:
– Сонау 1944 жылы ата-әжем Қазақстанға келген. Содан бері қазақ жеріндеміз. Мен өзім түрік болсам да, «қазақпын» деймін. Мен Қазақстанда туғаныма мақтанамын. Сондықтан, жастарды елдің тарихын білуге, оны құрметтеуге шақырамын.
Кездесу соңында облыстағы түрлі ұлттық мәдени бірлестіктерге әкімнің арнайы сыйлықтары табысталды. Әкімнің сыйлығына ие болған мұндай ұлттық мәдени бірлестіктердің ұзын саны –24.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА
Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.