«Ынтымақтың» еңбегі – еселі
Кежек ауылдық округіне қарасты «Ынтымақ» шаруашылығының еңбегі еселі. Шаруа қожалығының жетекшісі – Ізбасар Құлпейісов.
2001 жылы құрылған аталмыш шаруа қожалығы мал өсірумен ғана емес, егін егуді де қолға алды. Мұның бәрі Ізбасар атаның ұзақ жылдан бері диқаншылықты меңгерген тәжірибесінің арқасы екені даусыз. Өйткені, бұған дейін Ізбасар Құлпейісов алғаш оқу бітіре салысымен қазіргі Қызыларай, Шұбартау, Кежек ауылдарында кіші агроном, кейін бас агроном болып жемісті жұмыстар жасады. Ауыл шаруашылығының білгір маманы, бидай өсірудің шебері болып қалыптасты. Қожалық Ізбасар ақсақалдың атында болғанымен ұлы Дулатқа егін шаруашылығының қыр-сырын үйретіп, шаруаның тізгінін қолына ұстатқан. «Әке көрген оқ жонар» демекші, адал еңбекпен тағлымды тәрбие көріп өскен Дулат тек қожалықтың күйін күйттеп қана қоймай, ауыл тірлігінің ілгері басуына атсалысып келеді. Айталық, «Ынтымақтың»тарапынан ауылдағы түрлі саяси, мәдени шараларға, қайырымдылық акцияларына, сондай-ақ, ауылдың тазалығы мен көркейту-көгалдандыру жұмыстарына тұрақты түрде қолдау көрсетіліп жүр. Жыл сайын халықаралық Қарттар күні мерекесінде ауыл қарияларына сый құрметін жасайтын «Ынтымақ» шаруа қожалығы биылғы жылы да дәстүрлі жүздесуін жасап, сый-сыяпаттарын табыс етіп, ақсақалдардың алғысына кенелді.
Шаруа қожалығы жетекшісінің айтуынша, биылғы жылы аталған шаруашылық жалпы 200 гектар жерге егін ексе, 100 гектарына мал азығы үшін арпа егіліп, жақсы өнім жиналуда. Бүгінге дейін алқаптағы егіннің дені орылып, қамбаға құйылды. Егін жинау науқанына қажетті техника жеткілікті. Шаруашылықта бұл маусымда барлығы 10 адам еңбек етеді. Олардың еңбекақылары тұрақты, сондай-ақ, жұмыс нәтижесіне сыйақы төлеу де жолға қойылған. Диқандар бидайдың әр гектарынан 11 центнерден өнім алып, міндетті межеден көрініп отыр.
– Механизаторларымыздың барлығы жергілікті жердің адамдары. Жинаған өнімімізді Ақтоғай, Шет ауданы нарығына шығарамыз. Бидайдың тұқымы «Қарағанды – 22» болса қырмандағы арпа «Саратов» тұқымы. Келешекте егістік алқабын кеңейтіп, егіннен алынған өнімнің сапасына да мән беріп, жұмыс нәтижесін одан әрі арттыру бағыты көзделіп отыр,– дейді Д.Ізбасаров әңгіме барысында.
Иә, көктемдегі маңдай термен жерге сіңірілген дән осылайша алтын астыққа айналып, қамбаға құйылды. Шаруа егесінің де көңілі тоқ.
Біз де берекелі істің жемісті жалғасын табуына тілектестігімізді білдірдік.
Думан ҚАБЫЛ.
АҚТОҒАЙ ауданы.