Covid-19

Вакцинаның қауқары қандай?

Коронавирусқа қарсы вакцина алса да, ауырып қалғандар туралы кейінгі кезде жиі еститін болдық. Дерек бойынша, вакцина алғандардың ішінде 1-2%- ы ауырады. Ол адамның иммунитетіне, вакцинаның әсеріне, тағы басқаға байланысты болуы мүмкін. Яғни, бүгінгі таңда екпе салдырған 7 миллионға жуық адамның осынша пайызы індет жұқтырады деген сөз. Бұл – аз емес. Дегенмен, оны алмағандар арасында ауырғандар он есе көп. Бірақ, ол туралы ешкім айтпайды.

Мәселе – вакцина 100% қорған бола алмауында. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдағаны бар, мақұлдамағаны бар, жалпы, қазір қолданыстағы барлық вакцинаның тиімділігі 90%-дан асып жығылады. Оны барлық маман растай алады. Сол Дүниежүзілік ұйымның өзі шығарылған ешбір вакцинаның індеттен толық қорғайтынына кепілдік бере алмайтынын айтады. «Яғни, қалған 10%-ы вакцина салған күннің өзінде ауру жұқтырады. Бірақ, бұл вакцина салғызу қажет емес дегенді білдірмейді. Вакцина аурудың асқынып кетуінен қорғауға қауқарлы. Ауру жеңіл түрде, тіпті, білінбей өтеді», – дейді мамандар..

Бүгінгі таңда ауру жұқтырғандар саны айтарлықтай азайса да, оның салдарынан ауыр халде жатқан немесе қайтыс болғандар әлі де көп. Кешегі күнгі дерек бойынша ел көлемінде 87 015 адам коронавирус инфекциясынан емделуде. Денсаулық сақтау министрлігінің нақтылауынша, 1 377 адамның жағдайы ауыр. 378 адам өте ауыр халде, 197 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. 72 адам коронавирустан, 10-ы пневмониядан көз жұмды. Мұның барлығы аса жылдам жұғатын әрі тез өрбитін дельта штамның салдары.

Бұл жайлы дәрігерлер реанимацияға түскендердің басым бөлігі вакцина алмағандар екенін айтып, дабыл қаққан болатын. Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда 1 ақпан мен 1 тамыз аралығында коронавирустан қайтыс болған 4 969 адамның 4 854-і вакцина алмағанын мәлімдеген болатын. Ақпараттық жүйелерді талдау нәтижесі көрсеткендей, коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар арасында вакцина алмағандардың үлес салмағы – 97,7%. Қайтыс болған 115 адам 1 ақпан мен 1 тамыз аралығында вакцина алғандардың 0,003%-ы.

ПТР-тестілеу кезінде COVID-19 анықталған барлық адамдардың ішінде вакцина алғандар қатары аз болғанын арнайы жүргізілген зерттеу де көрсетті. «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасы тамыз бойы ПТР тапсырған Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына талдау жасайды. Белгіленген аралықта SARS-CoV-2 вирусына тест тапсырған 28 275 адамның көпшілігі – 19 130 адам вакцина алмаған, 9 145-і вакцина алған. Вакцина алмағандар арасында коронавирус 19,8%-ында, яғни, 3782 адамда анықталса, екпе алғандардың 167-сі немесе 1,8%-ы індет жұқтырғаны белгілі болды. «Біздің мәліметтерімізге сәйкес екпе алғандар вакцина салдырмағандармен салыстырғанда коронавируспен 10 есе (1,8% 19,8%-ке қарсы) сирек ауырады. Бұдан вакциналардың тиімділігін көруге болады, себебі коронавирус жұқтырғандар қатарында екпе алғандар саны өте аз», – дейді «КДЛ ОЛИМП» ЖШС бас директоры Ерлан Сүлейменов.

Басқа елдерде де осындай жағдай. Кеше ғана РФ Денсаулық сақтау министрлігі басшысы Михаил Мурашко: «Коронавируспен ауруханаға түсетіндердің 92%-ы вакцина алмағандар», – деді. Белгілі профессор Алмаз Шарманның айтуынша, қазір вакцина алмағандардың пандемиясы басталып жатыр. «Вакцина алуды кейінге қалдырған сайын эпидемиологиялық шектеулер ұзара береді. Қоғамдық орындарға баруды шектеу, бетперде тағу сияқты шаралар жалғаса береді. Егде жастағы вакцина алуға мүмкіндігі жоқ туыстарымызбен жақын араласа алмай қаламыз», – дейді. Қазір таралып жатқан түрлі штамдарды ескерсек, жасы да, кәрісі де, тіпті, бала да қатер тобында.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button