«Вакцина көлемі жеткілікті»

Елде вакциналау кампаниясының екінші айы да аяқталуға жақын. 25-наурыздағы мәліметке сәйкес республика көлемінде вакцинаның бірінші компонентін 107 341 адам алса, екінші компонентін алғандар саны – 20 504. Министрліктің межесі – 6 миллион адам. Жоспар бойынша жыл соңына дейін осынша қазақстандық вакцина алуы тиіс. Аймақтағы вакциналау барысы жайлы сұрақтарымызға облыстық денсаулық сақтау басқармасының қоғамдық денсаулық сақтау қызметі басшысы Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА жауап берді.

– Облыс бойынша қанша адам вакцина алды? Оның ішінде, бірінші және екінші компоненттерін алғандар саны қанша?

– Вирус жұқтыру қаупі бар қатер тобына жататын адамдардың бірінші кезекте вакцина алғанын білесіздер. 25-наурыздағы мәлімет бойынша облыстың 9 012 тұрғыны вакцинаның бірінші компонентін, 1 813 адам екінші компонентін алды.

– Өткен аймен салыстырғанда наурызда індеттің таралуы айтарлықтай өршіді. Мұндай өзгерістің себебі неде болуы мүмкін?

– Иә, ақпан айымен салыстырғанда наурызда індетті жұқтыру деңгейі 19,5%-ға өскен. Қазір індеттің қайта күшею тенденциясы Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде байқалады. Тіпті, Еуропаның бірқатар елдері коронавирус індетінің үшінші толқыны туралы айтып жатыр. Елдегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауының басты себептерінің бірі ретінде наурыздағы мереке күндері халықтың шектеу шараларын бұзуын айтуға болады.

– Қазір облыста қанша вакциналау орталықтары мен кабинеттері іске қосылған?

– Бүгінгі таңда 7 вакцина орталығы жұмыс істейді. Оларда 35 егу кабинеті орналасқан. Екпе барлығында белгіленген кестеге сай жүргізіп жатыр.

– Ал, олардағы вакцина көлемі қандай? Облыс вакцинадан таршылық көрмей ме?

– Дәл қазір Қарағанды облысында 1500 доза вакцина қалды. 1-сәуірде 11 700 доза вакцина күтіп отырмыз. Бұл әзірге жеткілікті.

– Пандемия кезінде ораза ұстауды жоспарлап отырған адамдар коронавирусқа қарсы вакцина алу жөнінде алаңдаулы. Маман ретінде бұл жайлы не айта аласыз?

– Медицина маманы ретінде әрине, вакциналаудың қажеттігін баса айтқым келеді. Қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды жақсартып, карантиндік шектеулерді алып тастау үшін көпшіліктің арасында иммунитет қалыптасуы керек. Ол вакцинасыз мүмкін емес. Сондықтан, вакцина алған дұрыс. Сенімді болуы үшін тиісті басқармалардағы мамандардан, мешіт имамдарынан сұрап білулеріне болады деп ойлаймын.

– Рахмет.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.